Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Партияның Алматы қалалық филиалының кезектен тыс XXV конференциясында Бауыржан Байбек партия жұмысын жетілдірудің басты міндеттерін атап көрсетті.
Алдымен ол еліміздің дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, соған байланысты партияның алдындағы ауқымды міндеттерге назар аударды. Оның айтуынша, партия үнемі ілгері жылжып, қоғамның талаптарына сай дамып отыруы керек.
– Біздің партия – барша қазақстандықтарды біріктіретін еліміздегі ең басты күш. Біз халықты ести де, тыңдай да білуіміз қажет. Бұл – Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасы. Сондықтан адам құқықтары мен еркіндігін қорғау, лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, оны оң шешу, қашанда елмен етене болу – партия жұмысының басым бағыты, – деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ ол партияның Елбасының барлық стратегиялық бағдарламалары мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін партиялық бақылауды күшейту керектігін айтты. Алдағы уақытта барлық партиялық жобалар қайта қаралып, халықтың өмірін жақсартуға бағытталған нақты бастамалар бойынша жұмыстар жандана түспек.
Үкіметтің жұмысына да тиімді партиялық бақылау жүргізіліп, министрлер мен әкімдердің тек мемлекеттік органдардың басшылары ретінде ғана емес, партия мүшесі ретінде де жауапкершілігі артады. Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялар да атсалысады.
– Біздің басты міндет – халықтың сенімін күшейту. Өйткені біз халықтың партиясымыз. Сондықтан біз саннан сапаға басымдық беріп, партия қатарында белсенді түрде «тазалау» жұмыстарын жүргіземіз, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сондай-ақ Бауыржан Байбек партияның пікірталас алаңдарында қоғамды алаңдатқан мәселелерді ашық әрі нақты айтуы керектігін назарға алды. Одан бөлек, партия алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуге де баса мән бермек.
Бауыржан Байбек партияның көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты барлық әлеуметтік топпен жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті
– Nur Otan – саяси, бірақ үкіметтік емес ұйым. Сондықтан біз үкіметтік емес ұйымдармен байланысты күшейтіп, оларға жағдай жасау керек. Әсіресе, Алматы сияқты ірі қалаларда бұл басымдықтың маңызы зор. Біздің қолымызда билікке әсер ете алатын тетіктер бар. Соны тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы партияға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына белсенді қатысуды тапсырды, – деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар партия алдағы уақытта талдау жұмыстарын жетілдіру, Jas Otan Жастар қанатының жұмысын жаңғырту, халықпен кері байланысты күшейтіп, партияның қоғамдық қабылдау жұмысын түбегейлі қайта жандандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын әрі қарай жалғастыру, тиімді ақпараттық жұмыс жүйесін қалыптастырып, партияның медиалық әлеуетін күшейту, әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру сияқты жұмыстарды қолға алады.
Жиында таяуда ғана Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаев партия активінің бірауыздан қолдауымен қалалық партия филиалының төрағасы болып сайланды.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Алматы қаласындағы шаһардың индустриалды аймағында орналасқан бірқатар өндіріс орындарына арнайы барды. Сондай-ақ ол қаладағы маңызды жолайрықтардың біріндегі жаңа жолдың ашылуына қатысты.
Бауыржан Байбек қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірге Falcon Eurobus электроавтобустарының үшінші буынын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Кәсіпорын былтыр қыркүйек айында іске қосылған. Өндірістік қуаты жылына 100 автобусқа дейін жететін зауытта 1300 адам жұмыс істейді.
Falcon Eurobus электроавтобустары барлық талаптарға сай. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мініп, түсуі үшін де қолайлы жағдай жасалған. Автобустың бір реткі қуаты 550 километр жол жүруге жетеді. Мұндай зауыттардың қаланың экологиясын жақсартуға да айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз.
Алматы қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, мұндай электроавтобустардың алғашқысы күні ертең сынақтық режимде шаһардағы жолаушылар тасымалының 206-бағытына жіберіледі.
Сондай-ақ бүгін Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары және Алматы қаласы әкімінің қатысуымен Қазақстан, Германия, Австрия елдері арасында электрокөлік құралдарына арналған аккумулятор шығаратын зауыттың құрылысы туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Жаңа зауыт Алматыда электроавтобустар шығаруға тың серпін беріп, өндіріс көлемін арттырады.
Бауыржан Байбек аталған элктроавтобуспен жүріп, қаланың Медеу ауданына келді. Бұл жерде ол Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тасжолының қиылысындағы жолайрықтың жаңа жолының ашылуына қатысты.
Алты жолақты жаңа жолдың өткізу қуаттылығы тәулігіне 135 мыңнан астам автомобильді құрайды. Жалпы ұзындығы 860 метр болатын жол қаладағы көлік кептелісін азайтуға да айтарлықтай септігін тигізбек.
Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары Алматы индустриалды аймағында орналасқан Asia Steel Pipe зауытына барып, алғашқы цехтың ашылуына қатысты. Бұл жерде дәнекерленетін болат құбырлар шығарылады.
Бұдан басқа Бауыржан Байбек Tokyo Rope Almaty зауытының жұмыс барысымен және Hyundai Trans Kazakhstan зауытының құрылысымен танысты. Аталған өндіріс ошақтарында тиісінше жоғары сапалы металл торлары және жеңіл автомобильдер шығарылады.