Абай ескерткішінің алдында «Нұр-Сұлтан – еліміздің бас қаласы, Жастар – болашақтың бастамасы» деген кітап және поэзия мерекесі өтті.
Бұл шараны Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. Биылғы мереке Абай атамыздың алдағы жылғы 175 жылдық мерейтойына арналды. Мәдени шара алдымен ұлы ақын ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Содан кейін тұрғындар мен қала қонақтары «Абайдың рухы» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Хакім атамыздың рөлін Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрының актері Қасымхан Бұғыбай сомдады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін кітап пен поэзия гранд фестивалі – белгілі зиялы қауым, танымал ақындар мен талантты жас авторларды бiрiктiретiн ең құнды шаралардың бірі. Бұл шара поэзияның дамуына ықпал етеді. Поэтикалық оқулардың ауызша дәстүрлерін жаңғыртады. Жастар жағының оқуға, жазуға және поэзияға қызығушылығын арттырады. Поэзияны театр, би, музыка, кескіндеме сияқты басқа да өнер түрлерімен жақындастырады. «Біз бұл іс-шараны қала күні мерекесіне орай жыл сайын өткізіп келеміз. Биылғы кешті Абай атамызға әдейілеп арнадық. Өйткені ақын шығармаларын жұртшылыққа кеңірек насихаттауды көздедік. Одан қалды, «Жастар жылы» болғандықтан, жас оқырмандарымызға да қызықты ойындар, түрлі байқаулар ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан бәріңізді елорда күнімен құттықтай-мын», – деді Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева.
Шара барысында жас ақындар астанаға арнаған өлеңдерін оқып, жиналған қауымға рухани ләззат сыйлады. Шығармашылық жастарға арналған жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Қуыршақ театрының артистері жас оқырмандарға арнап жаңа кітап кейіпкерлерімен танысу деген ойындар өткізді. «Жастар және кітап» атты әдеби нон-стоп деген іс-шара ұйымдастырылып, келушілер өздері қалаған кітаптарды алды. Сонымен бірге, «Сүйікті қалама – сыйлық» атты шығармашылық көрме-жәрмеңкесі болды. Шара соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлық берілді.
Сая МҰРАТҚЫЗЫ