Бас қаланың туған күніне орай Нұр-Сұлтанда тұңғыш рет Жекпе-жек сарайы ашылды. Ұлттық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған ғимарат бас қаланың мерекесінде пайдалануға берілді.
Заманауи үлгіде салынған спорт кешенінің артықшылығы өте көп. Samruk-Kazyna Construction Сатып алу және пайдалану департаменті директоры Дархан Мұсановтың айтуынша, ғимаратты салуда құрылыстағы жаңа технология қолданылған.
– Кешен халықаралық спорт федерациясының стандарттары мен талаптарына сай салынды. Ғимараттың құрылысы кезінде жылу беру, желдету, ауа баптау және бөлмені жарықтандыруға заманауи энергиялық тиімді инновациялық инженерлік тәсілдер қолданылды. Жекпе-жек сарайы ғимаратының бірегей үшбұрышты формасы Қазақ елінің бостандығы мен бірлігінің символы қанатын қомдап ұшқан қыранға ұқсайды, – деді Дархан Мұсанов.
Сарайда жекпе-жектің барлық түрінен халықаралық дода өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетикадан спортшылар жаттығады.
Сонымен қатар мұнда саламатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары да спортпен шұғылдана алады. Төрт қабатты, жалпы аумағы 32 мың шаршы метр 5 мың адамға арналған спорт кешенінде әмбебап жаттығу залы, спорттық сауықтыру бөлмесі, қонақүй, 25 метрлік жүзу бассейні, фитнес орталық, шағын футбол алаңы бар.
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде спорттық жарыс өткізуге тапсырыс көп.
– Жекпе-жек сарайына көптеген федерация өтініш айтып, тапсырыс беріп жатыр. Баскетбол федерациясы үлкен залдағы паркетті көріп, «Осында баскетбол жарыстарын өткізейік» деп дайын отыр. Министрлік Жекпе-жек ассоциациясымен бірлесіп, осында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін орналастырамыз. Заң бойынша балаларға спортпен айналысу тегін, – деді Серік Жарасбаев.
Елорда күніне орай Жекпе-жек сарайында Жауынгерлік өнер фестивалі өтеді. Балуандар белдесіп, білектілер күш сынасады.
Қазақстан жауынгерлік өнер ассоциациясының бас хатшысы Фархат Аманқұловтың айтуынша, өнер байқауы мамыр айында Шымкент қаласынан бастау алған.
– Жауынгерлік өнерден екі ай ішінде республика көлемінде бірнеше шара өткіздік. Қорытынды жарысты елорда күніне орайластырып отырмыз. Осы уақыт аралығында біздің қауымдастықтың құрамындағы олимпиадалық емес спорт түрі бойынша жиырма федерацияның спортшылары көрерменді мықтылығымен тәнті етті. Астана күнінде барлығының басын қосып, қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше спорт додасын ұсынып отырмыз. Қазақстанда тұңғыш рет теңдесі жоқ шығыс жекпе-жек өнеріне арналған алғашқы спорттық кешен халықтың игілігіне беріліп жатқанына қуанамыз, – деді Фархат Аманқұлов.
Сарайдың құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізген. Ғимаратты Samruk-Kazyna Construction 19,5 миллиард теңгегесалған.