Полиция реформасы: нәтиже қандай?

Полиция реформасы: нәтиже қандай?

Былтыр Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияны рефор­ма­­лауды тапсырып, «Ішкі істер министрлігін жаң­ғыр­туға алдағы үш жыл ішін­де 173 миллиард теңге бө­лінеді» деген. Бұл қаражат ең­бекақыны көбейтуге, бас­пананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бо­йынша полицияның за­ма­науи фронт-офистерін ашуға жұм­салмақ. Бүгін, Қа­зақстан по­ли­циясының кәсіби мере­кесінде осы мәселені жан-жақты сарапқа салайық.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күш­тік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға ай­на­лады. Ең алдымен, 2020 жыл­дың аяғына дейін Әкімшілік полиция ко­митетінің жұмысын қайта ұйым­дастыру қажет. Мұны нау­қан­шылдыққа айнал­дыр­май, сапалы жүргізген жөн. Поли­цейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты», – деген-ді.
Жалпы, «Қазіргі полиция қандай болуы керек?», «Тәртіп сақшыларына халық сене ме?» деген сұрақтар талайдан бері көптің көкейінде жүр. 2018 жылы даңқты спортшы Денис Тен ұрылар қолынан жан тапсыр­ғанда белсенділер ішкі істер қыз­метін жер-жебіріне жетіп сынап, министрдің отставкаға кетуін талап еткені есімізде. Дамыған елдерде мейлінше қоғамға бағдарланған полиция тәжірибесі, яғни community policing концепциясы енгізілген. Community policing» концепциясы тәртіп сақшыларының жұмыс істеу тәсілін біржола жаңартуға ар­­налған. Бұл тұжырымдаға сәйкес, халықпен тығыз инте­гра­­­ция­­ланған полицияның негізгі мін­деті – қылмыстың салда­ры­мен күресу емес, қоғам­мен ын­­тымақтасу арқылы қылмыс­тың алдын алу, оны ескерту және адам­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы доктрина негізінде АҚШ-та, Еуропада, Жапонияда полиция қызметкерлерін әртүрлі категориядағы азаматтармен (зардап шеккендер, куәгерлер, нашақорлар, әртүрлі жастағы және жұмыстағы адамдар) бай­ланыс жасауға әлеуметтік-психологиялық тұрғыда даярлауға басымдық берілді. Дәл осындай оңтайды шаруалардан нәтиже шыққан: полицияға бірнеше қайтара қоңырау шалу азайған, жәбірленгендер қылмысты ашу үшін полициямен көбірек ын­ты­мақтаса бастаған, полиция қызметіндегі қысым төмендеген. Әрине, бұл концепцияны жүзеге асырғанда әр мемлекеттің ұлт­тық ерекшелігі, нормативтік-құқықтық базасы, полиция құры­лымы, стратегиясы мен такти­касы ескеріледі. Мәселен, АҚШ-та қылмысқа нөлдік төзімділік, Швецияда проблемаға бағдарланған жұмыс, Жапонияда дәстүр мен инновациялық тех­но­­логияны үйлестіру сынды ұста­ным­дар темірқазықтай ұстынға айналған. Қазақстан да осы бағыт­та ауқымды жұмыстар атқару­да. Еліміздегі полиция реформа­сының да бір мақсаты – халықтың ішкі істер қызметіне деген сенімін нығайту. 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта Қазақстан ІІМ құрылымдық тұр­ғыда орнығып, материалдық-базалық, нормативтік негіздері то­лығымен қалыптасты. Деген­­мен мемлекеттегі саяси-эконо­микалық модернизация жағ­дайында полицияның алдында жаңа міндеттер тұр. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасынан кейін ІІМ орган­дарын модернизациялау жөніндегі 2019-2021 жылдарға арнал­ған Жол картасы қабылдан­ды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, былтыр­дан бері қызметкерлер саны 11 пайызға қысқарып, яғни 10 592 адам жұмыстан босатылған. Республика бойынша 100 мың адамға шаққанда полицейлер саны 471-ден 393-ке дейін төмен­деген. Бұл Еуроодақ мүшелері­нің көрсеткішіне тең (Бельгия – 412, Чехия – 383, Франция – 340). Нәтижесінде, 16 млрд теңге қаражат үнемделген. Шенеуніктер артылған ақшаны қызметкерлердің жалақысын өсіруге пайдаланбақ. Қалалық Ішкі істер департа­менттерінің атауы Полиция департаменті деп өзгертілді. Тәртіп сақшыларының формасы да жаңарды. Бірақ полицияның сыртқы сипатын ауыстырумен іс бітпейді. Ең әуелі құқық қорғау органдары жүгінетін кеңестік жүйе, қоғамдық сана, халық пен заң арасындағы қарым-қатынас жаңғыруы қажет. Президент поли­цияны қызмет көрсетуші органға айналдыруды жайдан-жай тапсырған жоқ. Мысалы, Грузия кеңестік жүйеден қалған заңнамадан бас тартып, оны толық алмастырған. Ол жақта жол жиегінде көлік тұрса, поли­ция жүргізушінің жағдайын сұрауға міндетті. Тіпті, сақшылар жүксалғышына бір канистр бензин салып жүреді. Біреудің жа­нармайы таусылса, соны құйып береді, дөңгелегі жарылса, тиісті жеріне апарып тастайды. Реформаға дейін Грузияда 66 мың полицей болса, соңында 20 мыңға қысқарған. Бір қызығы, қылмыс 10 есе кеміген. Бізде де біршама ілгерілеу бар. Ерлан Тұрғымбаевтың сөзіне сүйенсек, криминогендік ахуал біршама оңалып қалған.
«Жалпы, жыл басынан бері қылмыс саны 38 пайызға қыс­қарды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық – 56 пайыз, тонау – 53 пайыз, ұрлық – 50 пайыз, бұзақылық – 45 пайыз азайды. Кәмелетке толмағандар (-27 пайыз), бұрын сотталған (-33 пайыз), мас күйінде (-16 пайыз), сондай-ақ көшелерде (-39%) және басқа да қоғамдық орындарда (-38 пайыз) құқықбұзушылықтар бәсеңдеді. Көптеген қылмыстың ашылу көрсеткіші жақсарды», – дейді министр.
Полицейлердің жалақысы өсті, ІІМ қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары берілуде, кейбір тиімсіз оқу орындары жабылып, орнына қысқамерзімді оқыту курстары ашылып жатыр. Полиция қызметкерлерін арнайы нысандарды күзетуден босатып, оны жеке күзет компанияларына тапсыру, ал полицияны барынша қоғам қауіпсіздігі жұмысына бағыттау мәселесін де министрлік жиі көтереді. Фронт-офистер құру арқылы тұрғындармен ашық жұмыс істеуге қадамдар жасалды. Себебі қылмыстың көбі оның алдын алу, жедел ақпараттандыру және құқықтық-заңнамалық сауаттылықтың деңгейімен арт­тырумен тығыз байланысты. 2019 жылы ҰЭМ Статистика комитеті «Халықтың құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейі» деген сауалнама жүр­гізді. «Полиция органдарына қанша­лықты сенуге болады?» деген сұраққа респонденттердің 38,3 пайызы толық келісемін, 51,2 пайызы ішінара келісемін десе, қалғаны ішінара келіспейтінін және толық келіспейтінін жет­кізіпті. Бұл зерттеу бүкіл Қазақ­станды қамтымаса да, тұрғын­дардың басым көпшілігі по­ли­цияға сенім білдірген. Бізге дейін де кейбір пост­кеңестік мемлекеттердің билігі ауқымды полиция реформасын жасаймыз деп уәде еткен. Бірақ көбінесе бар шаруа тәртіп сақ­шыларының материалдық жағдайын жақсартып, құрал-жабдығын жаңартумен шектеледі де, полиция қызметінің сипаты баяғы күйінде қалады. Қазақстан сол қателікті қайталамаса екен.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ