7 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған жиынға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, барша қазақстандықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуы тиіс. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажет әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Қазақстан Президенті төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болатынын жеткізді.
«Қазақ елі» монументі алаңында өткен ұлттық руханиятты дәріптейтін концерт барысында мыңнан астам өнерпаз бір оркестрдей домбырамен «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын», «Көреғұлы» секілді қазақтың белгілі күйлерін орындады. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинаның айтуынша, Ұлттық домбыра күні – шілде айының алғашқы жексенбісі деп белгіленген. «Биылғы концерттің ерекшелігі – жас айырмашылығына қарамастан, ниет білдіргеннің бәрі концертке үлес қосты. Домбырашылар барлық өңірден жиналды. Қатысушының ең үлкені 70-те болса, ең кішісі – 7 жаста. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы, «Сарыарқа» халық музыка ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі музыка ансамблі секілді кәсіби музыканттар да қатысты. Орындаушылардың арасында белгілі тұлғалардан күйші Арман Жүдебаев, Батыржан Мықтыбаев, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші Нұрғиса Дәуешов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров өз өнерін ортаға салды», – деді ол.
Мереке барысында күйден басқа, «Жастар» театрының актерлары тарихи қойылым ұсынды. Оған қоса, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өз өнерін ортаға салып, ақындар айтысын өткізді. Сонымен қатар «Қазақ елі» монументінің алдында киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта безендіріліп, ұлттық аспаптар мен қолөнер бұйымдары қойылған көрме болды.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Мәдениет және спорт министрі:
Ұлтымызды ұлықтайтын күн
–
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев домбыраның мәртебесін асқақтатып, өткен жылдан бастап шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп ресми түрде бекіткен еді. Бұл мереке «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының аясында аталды. Осы концерт – Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірге өткізген шараның бастамасы ғана. Бұл тек біз үшін емес, ұлт үшін де үлкен мереке. «Ұлттық домбыра» күнін күймен шектемей, жалғасын тауып, ұлтымыз ұлықтауы тиіс. Осыған орай, домбыра тартуды үйрету мақсатында үлкендерге арнайы сабақ өткізілмекші. Сондықтан қазақтың ұлттық мерекесін бүкіл халық болып ұлықтаған.
Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА,
Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі:
Рухты көтеретін мереке
– Осы жолы біз күй тартпадық. Керісінше, өнерпаздардың өнерін сырттай тамашаладық. Биыл Ұлттық домбыра күні екінші рет тойланып, бізді қуантып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының шешімімен Ұлттық домбыра күні пайда болған. Бұл мереке – қазақтың рухын көтеретін, бірлігін нығайтатын, ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты күн. Былтырғы мерекеде 2 мыңдай адамның басы қосылған. Биыл әуесқой домбырашылар қатысты. Жалпы, Ұлттық домбыра күні аталуы жүрегімізге жылылық ұялатып, жанымызды жадыратты.
Ермахан ЫБРАЙЫМОВ,
боксшы, Олимпиада чемпионы:
Қазақ пен домбыра – егіз ұғым
– «Әу» демейтін қазақ жоқ. Ұлттық домбыра мерекесінде домбырашылармен бірге Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың күйлерін орындадым. Кәсіби күйшілер секілді білмесем де, шамам келгенше ойнадым. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, жалпы спортшылар оның ішінде боксшылардың домбыраға құрметі ерекше. Сондықтан бұл мерекенің үлкен аумақта тойлануына тек қуаныштымын.
Анар ҚОНЫС