Қазақстан аумағындағы жер-су және басқаларының атаулары қазақы болмаса не болады? Уақыт өте болашақ ұрпақ жердің киесі, елдің иесі кім екенін байыптай алмай, жаңылысуы ғажап емес. Мәселен, Павлодар облысын – тұтас өңірді «бізге Павл сыйлаған екен» деп ойлауы ықтимал. Демек, атымыз қазақ екен, ендеше, әр затымыздан қазақылықтың иісі аңқып тұрғаны абзал.
2019 жылғы 3 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ШҚО Зырян ауданын және Зырян қаласын Алтай ауданы және Алтай қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы жарияланды.
Таяуда, 24 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығына сәйкес, Қостанай облысының Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталды.
Ономастика ежелгі грек тілінен аударғанда, «ат қою өнері» дегенді білдіреді. Ал бұл саланы ұлттық деңгейде дамытпаған ел өнерсіз тобыр іспетті. Әрине, жер-су, елдімекен, көше атауының өзгеруі өмірде бірқатар түзетулер тудырады: пошталық, заңгерлік және өзге де мекенжайларды, заңнаманы, құжаттарды, тұрғын үйлердің техникалық паспортын, мөрлерді, карталарды, маңдайшаларды, жол нұсқағыштарын және басқаларын ауыстыруға тура келеді. Дегенмен ұлтты сақтау, тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілік ұстындарын нығайту үшін тіршілік түйткілдері мен күйкі тірліктеріне шыдауға тура келмек.
Қазақ елі азаттыққа қол жеткізгенде мемлекетімізде ономастикалық кеңістікті реттеу жұмыстары да жаңаша қарқын алды. Мысалы, тек былтырғы 2018 жылы ғана Павлодар облысының «Качирский» және «Лебяжий» аудандарының аттары «Тереңкөл» және «Аққулы» болып өзгертілді. Батыс Қазақстан облысындағы «Чингирлау» деп ресми бекітілген аудан аты ұлттық тіл заңдылығына сай «Шыңғырлау» болып тұғырланды. «Зеленов» ауданы «Бәйтерек» ауданы болып өзгертілді.
Осының алдында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Большевик» ауылы «Шоманкөл», «ТЭЦ» ауылы «Үйтас» ауылы болды. Ақмола облысында «Минское» ауылы – «Сазды бұлаққа», «Виноградовка» ауылы – «Кемеркөлге», «Подлесное» ауылы – «Табиғатқа», «Казгородок» ауылы «Үлгіге» айналды. Атырау облысында «Ганюшкинский» ауылдық округі атауында Құрманғазының, «Дашино» аулында – Хиуаздың есімі ұлықталды. Санамалай берсе, мұндай мысал-үлгілер көп.
Жалпы алғанда, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан бойынша 70-ке жуық аудан, 1 500-ге жуық елдімекен, 150-ден астам білім, мәдениет, спорт және тағы басқа мекеме, шамамен 20 мың көше, даңғыл, ықшамаудан сияқты ономастикалық атаулар өзгеріске ұшырап, қазақыланған.
Мәдениет және спорт министрлігі осы бағытта түйіні тарқатылмаған мәселелер қордаланғанына назар аудартады.
– Қоғам өмірінің сан саласына жоғары қарқынмен еніп жатқан құбылыстарға, заттарға, ұғымдарға ұлттық терминологиялық жүйе қағидаттарына сәйкес атау берудің стандарттарын бекіту, оларды қоғамда насихаттау, сондай-ақ қазақ жазуының латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшуіне орай ортологиялық оқулықтарды қайта басу қажет. Саяси-идеологиялық жағынан ескірген ономастикалық атауларды өзгерту, қалалардағы географиялық нысандарға ұлттық атау беру процесін күшейту маңызды. Берілген атаулардың сол нысанның атқаратын қызметімен сәйкес келуін қадағалау, трансшекаралық аумақтардағы географиялық нысандардың тарихи нұсқаларын қалпына келтіру және атаулардың графикалық таңбалануындағы бірізділікті сақтау мәселелерін жандандыру керек, – деген байламға келді ведомство.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген шекарадағы атаулардың қазақылануына ұлтжанды азамат, Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл ықпал етіп жүр. Ол мысалға, 2014 жылдың басында «Жанқожа батырдың туғанына 240 жылдығы құрметіне орай, батыр бабаның есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қызылқұм шекара бекетіне Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімін беруді» сұрап, сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевқа депутаттық сауал жолдады. Бұл ұсыныс құпталып, 2017 жылдың 3 сәуірінде қабылданған №157-ші Үкімет қаулысы түрінде өмірге жолдама алды.
Ал сол жылдың шілдесінде Өзбекстанмен арамыздағы шекарада Қызылорда шекара отрядының 2019 әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасына қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, отаршылдарға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, қазақ даласының хас батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімін беру салтанаты өтті. Шараға депутат Б.Смағұл, Қызылорда облысының сол тұстағы әкімі Қырымбек Көшербаев, ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов қатысты.
Халық қалаулысы 2018 жылдың 3 қазанында Үкімет басшысына жаңа депутаттық сауалмен жүгінді. Онда Бақытбек Смағұл Шығыс Қазақстан облысында ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жергілікті халыққа қиянат көрсетіп, шекарадан өткені үшін елді ешқандай сот және тергеусіз қынадай қырған застава отрядының командирі В.Кондюриннің есімін шекаралық застава атында ұлықтауға қоғам тарапынан наразылық барлығын алға тарта келе, Зайсандағы №2017 әскери бөліміне қарасты шекара заставасын Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған даңқты партизан, білікті барлаушы, көрнекті жазушы Қасым Қайсенов атымен қайта атау туралы бастама көтерді.
Депутаттық сауал қолдау тауып, ел Үкіметінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі №206 қаулысымен ШҚО-дағы Зайсан ауданында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің 2017 әскери бөлімінің В.Кондюрин атындағы шекара заставасы «Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 2017 әскери бөлімінің Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» болып қайта аталды.
Нұротандық депутат еліміздің әр шетіндегі шекаралық заставалар аты енді Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Наурызбай, батыр Баян, Ер Жәнібек, Райымбек, Жалаңтөс Баһадүр және басқа да байырғыдан бергіге дейінгі рухты батырларымыздың атымен аталса дейді. Сондай-ақ тек тілекпен шектелмей, тиісті рәсімдеп, Үкіметке ұсыныс жасапты.
Алда ел Үкіметі «ономастикалық кеңістікті латын графикалы әліпби негізінде реттеу және стандарттау» шараларын қолға алмақ. Сонымен қатар ономастикалық атаулардың реттелу дәрежесі 2021 жылға қарай – 30%-ға, 2022 жылға қарай – 50%-ға, 2023 жылға қарай – 70%-ға, ал 2024 жылы – 80%-ға жеткізу көзделуде. Бұл – 2020-2024 жылдарға арналған «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» жаңа мемлекеттік бағдарламасының нысаналы нәтижесі болмақ.
Яғни, алдағы бес жыл ішінде Қазақстандағы жаңа атаулар беру ісі біржақты болады деген пікір бар. Нәтижесінде, қала, аудан, ауыл немесе көше атауларының жаппай өзгере беретініне қатысты сындар да жоққа жуықтауы ықтимал.
Алдағы бес жыл ішінде елімізде географиялық нысандардың және олардың құрамдас бөліктерінің атауы бойынша ережелер мен стандарттарды әзірлеу, жариялау және қоғамдық талқылау іске асырылады. Ономастикалық бірліктердің электрондық базасы кеңейтіледі және сервистік қызметі жетілдіріледі.
Ономастика мәселелері біржолата және мәңгілікке шешіле салатын сала емес. Мемлекеттің дамуымен, экономиканың қарқынды өрлеуімен бірге тыңнан ауыл-кенттер түзіледі, қалалар кеңейіп, жаңа көшелермен толығады.
Әрине, сонымен бірге, ескі мәселелер де бой көтеруде. Айталық Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының «Дом отдыха Лениногорский» ауылы ары қарай да қазақылықты жатсынып, «село Лесное» деп жаңа атау алған.
Олай болса, бұл саланың елдік мүддемен тығыз байланысты тұстарын ұштай түсу талап етіледі. Өйткені қазақ ономастикасы – кез келген тәуелсіз өзге мемлекеттердегідей, елдің аумағының, яғни шекарасы мен ішкі тұтастығының көрсеткіші.
«Мұндай атаулар тілімен жер-судың қай халыққа немесе ұлтқа тиесілі екені паш етіледі. Төл атаулар мен кірме атаулардың мазмұны арқылы ұлттың тарихы туралы да ақпараттар көрініс береді. Сол себепті, басқыншы жаулар қашанда ең бірінші басып алған жерінің атауын өзгертуге тырысқан. Қазақ даласындағы атаулардың лексикалық құрамына саралаулар жасағанда халқымыздың өткен тарихына қатысты көптеген мәліметтер көз алдымызға сол кезеңдердің суреттерін елестетеді» делінген бір топ ғалым, Б.Әбдуәлиұлы, Ш.Жарқынбекова, Ж.Қоңыратбаева, М.Түсіпбекова әзірлеген «Қазақ ономастикасының құқықтық-нормативтік негіздері» атты зерттеу еңбегінде.
Негізі, еліміздегі қала-аудандардың қазақша атауының Президент Жарлығымен бекітілуі – бұл мәселелердің Мемлекет басшысының назарында, Үкіметтің бақылауында тұрғанын білдіреді.
Шетелден келген қонаққа мемлекеттің қуаты, елдігінің мығымдығы, халқының талғамы оның аймағындағы атаулардан аңғарылады. Осыған байланысты кейбір елдерде шетелдік атауларға рұқсат берудің пайыздық квотасы қатаң белгіленеді. Өйткені бұл – жаһандану заманында ұлттық қауіпсіздік шараларының бір бағыты.
Қалай болғанда да, қазақы атаулар – ұлттық болмысымыздың басты насихаттаушысы әрі айғақтаушысы болмақ.