Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жазғаны бар: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау»деген. Не деген көрегендік десеңізші! Қиын заманның өзінде Қараөткелді қазақтың орталық қаласы жасауды көксеген екен.
Әлиханның сол арманы орындалмай қала берер ме еді, егер қазақ елі тәуелсіздік алмаса?!. Байырғы қазақ ордасы негізінде тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау мен салу мәселесі Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырды. Оның бәрі көз алдымызда.
Елбасы кезінде «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой мен-де ертеректе, сонау алыстағы – 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны тісімнен шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», – деген болатын.
Елордасының Есіл жағасына қоныс тебуі де тегін емес. Бір кезеңде осы жерде ел орталығын салу жайын академик Қаныш Сәтпаев та ойластырған, ол қаланы сумен қамтамасыз ету тетіктерін қарастырған көрінеді. Ал негізгі саяси шешімді 1992 жылы, Қазақстанның Президенті болып сайланғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. «Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астана ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербор – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан» деп өз таңдауын негіздейтіні бар.
1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілгенін және Тың өлкесінің орталығына айналғанын білеміз. Сол тұста қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов ерекше қайрат көрсетті. Ол Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.Хрущевтың әрекетіне талай тойтарыс беріп, «бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзі дұрыс емес» деп ашық қарсылық білдірді.
Міне, қазақтың қайсар ұлдары қорғап қалған өңірде ел ордасы еңсе тіктеді. Ең басты нәрсе: бұл – қазақтың өз қолымен тұрғызған қаласы! Ешкімге жалтақтамай, ешкімге тәуелді болмай, қалың қазақ баласы үміті мен сенімін үкілеп, арманы мен аңсарын тәуелсіздік бесігіне бөлеп салған қала! Сондықтан біз өз астанамызбен мақтана аламыз!