Мемлекеттік қызметкерлерге бір миллион теңгелік сертификат табыстау үрдісі көптен бері қалыптасқан. Өйткені баспана алуға жеңілдік ретінде мемлекет осындай ұсыныстар жасайды. Мұндай бастама бірталай отбасының көкейіндегі арманы – өз үйіне қол жеткізуді жеңілдететіні анық. Елорда күнінің құрметіне тағы жүз жанның жүзінде қуаныш табы сезілді. Астаналық тұрғындарға сертификатты қала әкімі Алтай Көлгінов табыстаған болатын.
Бір атап өтетін жайт, елордалықтар «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына белсенді қатысып келеді. Осыған дейінгі деректер осыны дәлелдеп отыр. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласында жаңа пәтерлердің саны салыстырмалы түрде көп. Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен іске асырылып жатқан «Бес әлеуметтік бастама» аясында әр отбасыға баспана берудің жаңа мүмкіндігі ашылды. Сертификаттардың кімге берілетіні туралы айтар болсақ, елорда өміріне елеулі еңбегі сіңген жандарға табысталады. Яғни ұстаздар, дәрігерлер және полиция қызметкерлері 1 миллион теңгеден алады. Сол сертификаттың көмегімен ипотека рәсімдейді.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда 162 мың оқушы мен 55 мың балабақша тәрбиеленушілерін оқытып отырған 17 мың ұстаз бар. Сонымен бірге, медициналық қызметкерлер саны – 20 мыңға жуық. Оның ішінде 8 мың дәрігер, 12 мың орта қызметкер бар екен. Қоғамдағы тәртіпті қадағалайтын қызметкерлер саны болса, 8 мыңдай. Ұстаздар, дәрігерлер мен полицейлер қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың денсаулығын нығайтып, жастардың білімді болуына бірден-бір әсер етеді. Олардың еңбегі орасан.
Қала басшысының айтуынша, осы жылы 1500 тұрғын үй сертификатын табыстау жоспарланып отыр. Соның ішінде 500-і бюджеттік ұйым қызметкерлеріне берілсе, қалғаны көпбалалы отбасыларға табысталады екен. Мұндай бастамалар әрмен қарай да жалғасын таба беруі тиіс. Өйткені әр отбасының тұрғын үйлі болғаны – бақыт.
Айша ЕРСҰЛТАН