«Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп» дейді халық даналығы. Ал көркіне ажары, сәулетіне сарайы сай жаңа астана тұрғызу – арманы асқақ, рухы биік, қуаты мол ұлттың ғана қолынан келетін жасампаз іс.
Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласы – жай ғана әсем ғимараттардың жиынтығы емес, ел өркендеуінің ірі шыңы.
Біз елорданы тұрғызу арқылы нарықтың парқын, дамудың қалпын ертеден біліп, ерте меңгерген талай мемлекетті қуып жеттік. Қазақ елінің астанасын дамыған елдердің жер бетінде зүбәржаттай құлпырған заманауи шаһарларымен салыстыра алатын болдық.
Бір қызық дерек бар. 2014 жылдан бастап, әлемдік ақпарат құралдары Астанадағы ЭКСПО-2017 бірегей көрме кешенінің қарқынды құрылысы жайында фильмдер, бейнесюжеттер түсіріп, жаһан жұртшылығына паш ете бастады. Ол телетуындыларда елордамыз «болашақтың қаласы» деп дәріптелді, ал онда тұрғызылатын «Нұр-Әлем» – әлемдегі дөңгелек, сфера пішіндес жалғыз әрі алып ғимарат болатыны әңгімеленді. Бұл голливудтық сценаристерді де шабыттандырса керек.
2015 жылдың 21 мамырында голливудтық режиссер Брэд Бёрд түсірген «Болашақтағы Жер» ғылыми-фантастикалық көркем фильмі әлемдік прокатқа жол тартып, төрткүл дүниедегі кинотеатрлар төріне шықты (фильмнің түпнұсқалық атауы – Tomorrowland, орысша нұсқасы «Земля будущего» деген атпен көрсетілді).
Басты рөлдерге Джордж Клуни, Хью Лори, Бритт Робертсон, Рэффи Кэссиди секілді атақты актерлар тартылған бұл фильмнің желісі «ЭКСПО»-ның жаңа технологиялар идеяларымен үндесіп жатты: оған сәйкес, ғаламшарымызда ХІХ ғасырдың соңынан бері құпия ұйым құрған Жюль Верн, Никола Тесла, Томас Эдисон, Густав Эйфель секілді ғұлама өнертапқыштар кедейшілік, зорлық-зомбылық, бюрократия секілді кемшіліктерден ада жаңа әлемнің негізін қалауға ұйғарады да, өзге өлшемде болашақтың фантастикалық қаласының негізін қалайды. Ондағы адамдар табиғатпен үйлесімде өмір сүреді, тек жаңғыратын қуат көздерін пайдаланады, гравитацияны басқарып, өзге жұлдыздарға сапар шегеді. Олардың өкілдері Жерге дүркін-дүркін сапар жасап, «Болашақтағы Жердің» мұрат-идеалдарына жауап беретін адамдарды іздейді. Солардың бірі – Фрэнк есімді бала 1964 жылы Нью-Йорктегі дүниежүзілік ЭКСПО көрмесіне келіп, павильондардың бірінде төл өнертабысын ұсынады. Осы көрмеде оған «Болашақтағы Жерге» жол ашатын рұқсатнама ұсынылады.
Айта кетер жайт, режиссер мен сценарист бұл фильмде есейген Фрэнк Уокерді сомдайтын Джордж Клуни арқылы ғаламшарымызда «парник әсері» кесірінен жер температурасының көтерілгенін, мұздықтар еріп, мұхит деңгейі жоғарылағанын, салдарынан, адамзат ақырзаманға қарай дәрменсіз жылжып бара жатқанын айтқызып, мәселе көтереді. Одан құтылу үшін жел, күн және басқаларынан алынатын экологиялық таза, болашақ энергиясын пайдалануды ұсынады. Яғни, фильм философиясы сол кездегі Қазақстан ілгерілеткен «Болашақ энергиясы» тақырыбымен толық үндес.
Ұқсастықтар әрине, мұнымен бітпейді. Голливудтық кинотуындыда «Болашақ қаласының» басты нысаны, орталық элементі ретінде сфера тәрізді, шынылы алып ғимарат таңдалған. Тиісінше, еліміздегі ЭКСПО жаһандық көрмесінің ең маңызды нысаны – «Нұр Әлем» павильон-мұражайына егіз қозыдай ұқсас ғимарат бейнесі фильмнің өне бойында қайта-қайта көрсетіледі.
Қалай болғанда, тек қазақ емес, халықаралық қауымдастық үшін де астана – болашақ қаласы екені анық.
Сонымен бірге, шындығын айтқанда, өткен ғасырдың соңында, қос мыңжылдық тоғысында бодандықтан арылып, азаттыққа қолы жеткен қазақ елінің астанасын көшіру кезінде қоғамымыз Абайша айтқанда, «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің» үлгісін паш етті деп айту қиын.
1994 жылдың 6 шілдесінде еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ел Парламентінің – Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің пленарлық отырысында республиканың астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынғанда, депутаттарға «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» №106-XIII қаулысын қабылдату оңайға түспеген.
Осылайша, бұған дейін шырқау биікте Алатауды, алып тауды айнала ұшқан қазақ қыраны өрісті кең далаға ден қойып, Сарыарқа төсінде еркін самғауға көшті.
Бұған дейін асқар шыңнан болашаққа көз жүгіртіп, бағдарын бағамдаған Қазақстан енді таудан түсіп, кең көсіле жүретін даңғыл жолға бет түзеді.
Әрине, жаңа астана салу және оны дамыту – тек ғаламат жоба ғана емес, бұл бір тұтас эпопея. Мұнда бәрі өзінен өзі болған жоқ: ел мен Елбасы алдынан қаншама қиыншылық кездесті, бірақ көшбасшысына ерген, саясатына сенген халқымыз кері шегінбеді, табандылықтан танбады, бар күшін арнады, жетістікті жетістікке жалғады.
Әріге бармай-ақ, тек кейінгі жылдардағы даму жолына үңілер болсақ, 2013 жылы мәселен, Астанада 228 әбден тозығы жеткен, апатты тұрғын үй тіркелген екен. Сол кезде әкімдік аталған мәселені «өте күрделі, шегіне жеткен проблема» деп бағалады. Өйткені бұл түйткілді инвесторлар есебінен шешу мүмкін болмаған: сонау Целиноградтан қалған, бас қаланың көркін бұзатын ескі көпқабатты үйлерді ысыруға шығын шығаруға құрылыс компанияларының ешқайсысы қызығушылық танытпады. Сондықтан тұрғын үйлердің сын көтермес жағдайын әрі тұрғындар қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескере келе, арнайы қалалық бағдарлама қолға алынды. Баспана иелеріне жаңа тұрғын үй кешендерінен сайма-сай көлемде пәтер ұсынылды.
Ақыры 2019 жылғы халыққа есеп беру кездесуінде елорда әкімі айрықша бақылауда болған барлық 228 апатты үй тегісімен күресінге жіберілгенін, оларда тұрып жатқан 3,5 мыңдай отбасы жаңа пәтерлерге көшірілгенін мәлімдеді.
Бұдан өзге, 2009-2010 жылдары Астанада 243 «проблемалы» тұрғын үй кешенінде 41 мыңнан астам алданған үлескер болыпты. Алаяқ адамдар басқарған құрылыс компаниялардың арбауына еріп, жылпостарға жем болып, өмірлік қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға сонда мемлекет көмек қолын созды. Елбасының назар аударуы және қамқорлық танытуы арқасында бұл сала бүкіл еліміз бойынша қуатты мемлекеттік қолдау көрді.
«Үлескерлік құрылыс менің жеке бақылауымда. Біз ведомствоаралық комиссия аясында алданған үлескерлермен ұдайы кездесулер өткізіп тұрамыз. Рас, бұл бағытта жылдам болмағанымен, сенімді қозғалып, мәселелерді шешудеміз. Қабылданған шаралар арқасында проблемалы нысандар санын алдыңғы жылғы 68-ден 29-ға дейін азайта алдық, ал бұл 10344 үлескер. Әкімдік қалған барлық нысандар бойынша жол картасын әзірледі», – деп хабарлады 2019 жылғы 20 ақпанда халыққа есеп беру кездесуінде бас қаланың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов.
Целиноград тұсында бұл қаланың құмды құйындардан көз ашпайтынын, әсіресе, терек түлеп, ұлпа ұшқындаған шақта, ол шаң-тозаңмен қосылып, тыныс алуды мұңға айналдырғанын байырғы тұрғындар біледі. Ал Елбасы бастамасымен елорданы айнала қолдан өсірілген орман, шаһар ішіндегі жасыл желек бұған біршама тоспа болды.
Мәселен, 2010 жылы, яғни бір жыл ішінде Астанада 7 мың 700 ағаш; 9 мың 700 шаршы метрде 65 мың бұта; 137 мың шаршы метрде 7 миллион 970 мың түп гүл отырғызылды. 2012 жылы жаңадан егілген ағаштар саны – 40 мыңға, гүл саны – 8,6 миллионға жеткізілген.
Ал биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында 500 мың ағаш егілмек. Қазіргі кезде елорда ішінде және айналасында жайқалып тұрған ағаштар саны 10 миллионға жеткен. Бұған қоса, жыл соңына дейін жаңадан 5 сквер, 2 бульвар құрылады деп жоспарлануда. Мұның барлығы тұрғындардың тынысын ашып, денсаулығына игі әсер етері сөзсіз.
Әр қаланың даму серпінін оған құйылатын инвестиция ауқымы айқындайды. Егер 2012 жылы Астана 616 миллиард теңге инвестиция тарта алса, 2018 жылы осы көрсеткіш 1 триллионнан асқан. Бұл елорда үшін тарихи рекорд саналады. Әкімдіктің дерегінше, 2019 жылы инвестициялар ағынының артуы жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласы шетелдік капитал үшін де тартымды бола түсуде: инвестицияның жалпы көлемінің төрттен бірі – шетелден құйылған қаржылар.
Елорда – кәсіпкерлер қаласы болып отыр. Мұнда еліміздегі шағын және орта бизнестің ең жоғары үлесі тіркелген. Шаһардың жалпы өңірлік өнімінің 61%-ын шағын және орта бизнес өндіреді. Сондай-ақ бюджетке түсетін салықтық түсімдердің жартысынан көбін – 57%-ын немесе 604 миллиард теңгені солар береді.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – бюджеттің доноры: 2019 жылы қала республикалық бюджетке 30 миллиард 39,5 миллион теңге беруді жоспарлауда. Яғни, елорданы салу жобасы өзін-өзі ақтап қана қоймай, сондай-ақ ел қазынасын толтыратын игілікке айналды.
Сарыарқаның киелі аспаны астында, қазыналы қазақ жерінің кіндік тұсында, Еуразия құрлығындағы 9 жолдың торабында астанамыздың тұрғызылуы – қазақ тарихындағы тамаша тағылымдардың бірі әрі ұлттық киелі таңдау, болашаққа бағдарланған самғау болып есептеледі.