Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің отырысында Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов баяндады. Ал Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов құжатты іске асырудың қала және жалпы ел экономикасына қандай әлеуметтік-экономикалық пайда әкелетінін айтып берді.
Жоспар аясында 10 бағытта жалпы құны 1 триллион 284 миллиард теңгеден асатын 89 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде 836 млрд теңгені немесе барлық қаражаттың 65%-ын – жеке инвесторлар құяды. Тағы 68,1 млрд теңге – МЖӘ тетігі арқылы тартылады. Бұл құжатқа сай енді қала құрылысы ықшам жүргізіледі, яғни шаһар аумағы жайыла бермей, оңтайландырылады. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды тиімді пайдалану қамтамасыз етілмек, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы және ыңғайлы жағдайлар тудырылады.
«Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі», – деп атаған Үкімет басшысы мегаполисті одан ары дамытуды қарастыратын бірқатар нақты тапсырма берді. Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында «Жұлдыз» және «Шымкент агро» жаңа индустриялдық аймақтарының құрылысын белсенді жүргізу, ал бұрыннан бар «Оңтүстік» АЭА аумағын ұлғайту тапсырылды.
Қаланы энергиямен және газбен жабдықтау үшін Премьер газ тарату стансасының (АГРС-3), сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен қуаты 450 мегаваттық бу-газ қондырғысының құрылысын аяқтауды жүктеді.
– Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемін кезең-кезеңімен биылғы 500 мың шаршы метрден жылына 1 миллион шаршы метрге дейін арттыруға және баспанамен қамту көрсеткішін Шымкенттің әр тұрғынына шаққанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге жол ашады. Мысалы, тек «Шымкент Сити» жобасы аясында әлеуметтік инфрақұрылымы дайын 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылады, – деді Асқар Мамин.
Үкімет жетекшісінің пайымдауынша, ол үшін тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыру қажет. Бұл ретте қаланы жинақы салуға, баспана құрылысының халықаралық стандарттары бойынша жұмыс істейтін инвесторлардың тәжірибесін қолдануға екпін түсірілмек.
Өркендеу перспективалары туристік салада да кеңеюде. «Цитадель» ескі қалашығын реконструкциялау және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау саяхатшылардың қосымша ағынына серпін береді деген болжам бар. Мұның сыртында Шымкенттің Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы да туристік инфрақұрылымының өрістеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болып, синергиялық әсер беруге тиіс.
Алдағы 2020 жылы Шымкент қаласы «ТМД-ның мәдени астанасы» болып жарияланды. Осы орайда жауапты мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды осы шараға уақытылы даяр ету туралы тапсырма берілді.
– Кешенді жоспарды іске асыру арқасында Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 2018 жылғы 2 триллион теңгеден 2023 жылға қарай 3,5 триллион теңгеге дейін жеткізіледі, – деді А.Мамин.
Өз кезегінде Ғ.Әбдірахымов 2023 жылға қарай 60 мыңнан аса жұмыс орны құрылатынын мәлім етті. Шымкент қаласының әкімі бюджетке түсер жүктемені азайту үшін жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестікке барынша салмақ салынатынын нықтады.
Құжаттың «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бағытында 30 іс-шара көзделген. Қала халқын жылумен, электр энергиясымен, газбен қамту үшін АГРС-3 және АГРС-6 қосалқы электр стансаларын салу жоспарланған.
«Көлік инфрақұрылымы» бағыты 11 іс-шарадан тұрады. Оған 2020 жылы әуежайда жаңа жолаушылар терминалын тұрғызу және теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын аяқтау, автожол салу және қайта жөндеу, сондай-ақ Ташкент даңғылының жалғасын, А2 айналма автожолын, Шымкенттің оңтүстік айналма жолында автожол көпірін салу кіреді. Бұл қаланың көлік әлеуетін және өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Тұрғын үй құрылысы» бағытында әкімшілік, іскерлік шағын аудандарда, «Шымкент сити», «Тұран», Қошқар ата өзені жағалауында көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруге тиісті. 2023 жылға дейін барлық қаржыландыру көздері арқылы 319 көп қабатты үй, яғни 20 794 пәтер немесе 2 109,3 мың шаршы метр баспана іске қосылады деп жоспарланған. Бұл шағын аудандарға инженерлік желілер тартылуда.
«Білім беру» бағытында Шымкентте 23 500 орындық 15 мектепті салу қарастырылған. Бұл 2023 жылға қарай мектептерді үш ауысымдық оқытудан арылтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жекеменшік мектептер саны көбейтілмек.
«Спорт» бағыты бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын шымкенттіктер үлесін 2023 жылға қарай 30%-ға арттыратын үш жобаны іске асыру жоспарланған. Арасында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионды реконструкциялау жобасы бар, нәтижесінде, стадион UEFA және IAAF стандарттарына сәйкестендіріледі.
«Мәдениет» бөлігі бойынша «Конгресс орталық» пен «Цитадель» музейін салуға қатысты 2 ірі іс-шара қолға алынады.
Денсаулық сақтауды дамыту аясында жеке инвестициялар есебінен 1 000 орындық көпбейінді аурухана тұрғызыламақ. Бюджет қаражатына 13 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы бой көтермек.
Еліміздің бас экономисі Руслан Дәленовтің дерегінше, 2023 жылы жоспарды орындау аяқталғанда, Шымкент тұрғындарының орталықтандырылған сумен жабдықталу көрсеткіші 93%-дан 98%-ға дейін өсуге: табиғи газбен қамтылуы 92%-дан 98%-ға дейін жоғарылауға, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 59,4%-ға (былтыр 53,7% болған) дейін жетуге тиіс. Сондай-ақ қызмет көрсету, өнеркәсіп, құрылыс, сауда секторларының өңір экономикасындағы үлесін арттыру жүктелген.
Осы мақсатта инвстициялар деңгейі жылына 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл 2018 жылғыдан 1,8 есе көп.
– Шымкенттің экономикалық әлеуеті зор. Инфрақұрылымға, энергетикаға, туризмге және қызмет көрсету секторына қомақты инвестиция салынады. Осының арқасында өңірлік экономиканың нақты өсімі жыл сайын 5,5%-ға өсіп отырады. Экономикалық белсенділік тұрғындардың да әл-ауқатын арттырады, – деп түйді Р.Дәленов.