Жастар жылы аясында Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанаты республикалық Jastar alańy – 2019 пікірсайыс турнирін бастады. Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырып отыр.
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібектің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры – 4 000 000 теңге.
Басты мақсат – Қазақстанда пікірсайыс қозғалысын жандандыру және пікірсайыс федерациясын құру.
Пікірсайыс турниріне қазақ және орыс лигасына барлық өңірден 60 команда, 18-29 жас аралығындағы жастар қатысады.
– Пікірсайыс – жастар үшін трендке айналған, сыни ойлауды, логиканы, тұлғалық дамуды арттыра алатын таптырмас механизмге айналды. Пікірсайыс клубтары еліміздің әр аймағында көптеп дамып келеді. Жастар 9 шілде мен 8 тамыз аралығында www.jasotan.com сайтында өтінім қалдыра алады. Әлеуметтік желіде пікірсайысқа қатысты айтар ой, ұсыныс-пікірін қалдырады. Олардың қоғамдағы өзгерістерге азаматтық көзқарасы әрдайым маңызды, – деді Дәулет Кәрібек.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар Британдық парламенттік және Линкольн Дуглас форматтары бойынша турнир қатысушылары мен төрешілерге арналған тренингтер мен мастер-класстар өткізуді жоспарлап отыр. Тренинг пен мастер-кластарға қатысушыларға одан ары пікірсайыс тренингтерін өткізуге мүмкіндік беретін арнайы тренер сертификат беріледі.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқармасының төрағасы Батима Мукина Jastar alańy – 2019 республикалық пікірсайыс турнирі арқылы ұйымдастырушылар пікірсайысты қолдап қана қоймай, мемлекеттік қызметке мықты кадрлық резерв даярлайтынын айтып өтті.
Жиында блогер Қали Ақсұлтанның айтуынша, қазақ және орыс лигасынан бөлек қоғам қайраткерлері, әншілер, блогерлердің және басқа да танымал тұлғалардың қатысуымен «Жұлдызды ойын» өткізу жоспарда бар.
Турнирдің финалдық ойындары телевизиялық форматта ұйымдастырылмақ. Жобаның нәтижесінде, Қазақстанда алғаш рет пікірсайысшылардың өзара байланыс орнатуға, өзекті тақырыптарды талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін сайт пен аналогы жоқ мобильді қосымша іске қосылады.