Шымкентке жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Асқар Мамин қаладағы ірі жүйе құраушы кәсіпорындарды аралады. Атап айтқанда, ол металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.
Келген бетте Премьер Шымкент әуежайының жаңа терминалының жобасымен танысты. Құрылыс жұмыстары таяуда, шілде айында басталған, ал 2020 жылы маусым айында аяқталуы тиіс. Қала әкімдігінің мәліметінше, сыйымдылығы сағатына 400 жолаушыны құрайтын терминалды пайдалануға беру жолаушылар ағымын 10 есе арттырады.
Үкімет жетекшісі «Химфарм» зауытына соғып, оның үлгісінде бүкіл отандық фармацевтикалық индустрияның даму қарқынына қанықты. Кәсіпорында дәрі-дәрмектің 71 түрі жасалады. Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында сатып алынатын дәрі-дәрмек түрлерінің жалпы санының үштен бір бөлігінен артық.
Кәсіпорынды аралау кезінде Премьер инъекциялық препараттар мен инфузиялық ерітінділерді өндіретін цехтың жарақтандырылу деңгейін, сондай-ақ «Модельдік цифрлық фабрикалар» жобасы аясында іске қосылған Цифрлық инженерлік және білім беру орталығының жұмысын бағалады. Қазіргі кезде қолданыстағы фармацевтикалық өндірісті халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғыртатын, 108 млн доллар тұратын аса ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Шымкент қаласы – Қазақстанның ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Өңірде өндіріс көлемін ұлғайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Асқар Мамин «Оңтүстік» индустриялық аймағындағы экспортқа бағытталған Shymkent Temir кәсіпорнына барды. Металлургия зауытының жобалық қуаты жылына 250 мың тонна болат шығаруға жетеді.
Осы жерде Үкімет жетекшісіне Түркістан облысындағы қуаты жылына 1 миллион тонна темір өндіруге лайықталған тау-кен металлургия кешені құрылысының жобасы таныстырылды. Оның аясында тікелей қалпына келтірілетін темірді өндіретін зауыт пен кен байыту фабрикасын салу көзделген.
Өңір экономикасын өркендетуде тамақ өнеркәсібіне ерекше мән берілген. Осыған орай, А.Мамин «Рахат-Шымкент» ЖШС-ға келіп, тамақ өнімдерін жасау процесіне куә болды.
Заманауи жабдықтармен жарақталған фабрика жылына 24 мың тоннаға дейінгі көлемде, 30 атау бойынша 4 түрлі кондитерлік өнім шығарады. Премьер-министрге 2020 жылы мармелад пен қантты печенье шығаратын жаңа желіні іске қосу бойынша инвестициялық жоба қолға алынғалы отырғаны баяндалды.
Аралау қорытындысында Үкімет басшысы қала әкіміне Шымкентті дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын тиімді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жүктеді. Инвестициялық жобаларды іске асыру, шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-қауымдастықпен жұмысты жандандыру тапсырылды.
Бұл – өңірдің жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемін 2018 жылғы 2 триллион теңгеден 2023 жылға қарай 3,5 триллионға дейін арттыруға мүмкіндік береді.