Кезінде Фариза апамыз жырға қосқан «буырқанған қара көк дария» мұнай – базбір бейпіл ауыздар айтып жүргендей, «ресурстық қарғыс» емес, шын мәнінде, қазақтың мақтанышы. Жаратқан иенің төрткүл дүниедегі елдердің тек санаулысына ғана бұйыртқан қазынасы. Мәселе тек осы ен байлықты ұтымды пайдалануда, ұқсата білуде.
Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша қорғап, бізге мирас еткен қазақ жерінің қойнауындағы «қара алтынды» қаншалықты тиімді жұмсап жүргенімізге қатысты көптеген сауалдар дүркін-дүркін бас көтереді. Осы асыл қазынаға толы сандықтың үстінде өзіміз отырғанымызбен, оның кілтінің шетелдіктер қолында жүргені, маңдайын күн қақтаған мұнайшы ерлеріміздің Отан ауқатын молайтуға қосып жатқан үлесі мен ерең еңбегі жатжұрттық мамандарға қарағанда, кем бағаланатыны ашық айтылады.
Қазақстанда сарапшылар «әлемдік супергигант» деп атайтын 3 аса ірі мұнай кен орны орналасқан. Энергетика министрлігінің дерегіне жүгінсек, олардағы өз еншіміз аздау көрінеді.
Мысалға, соның бірі «Теңізді» америкалық инвесторлар («Теңізшевройл») бірлесе игеруде. Мұндағы шетелдік инвестордың үлесі – 80%. «Болашақта Теңізді кеңейту жобасына» сәйкес, 2023 жылға қарай 38 млрд доллар инвестиция құйылады деген болжам бар.
«Қарашығанақ» кен орны болса, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниялар консорциумына тиесілі. Ондағы шетелдік инвесторлардың үлесі – 90%. Болашақта игеру жоспарында 2020 жылға қарай 1,5 млрд доллар инвестиция салу көзделуде.
Бертінде ғана қолға алынған «Қашағанның» мұнайын коммерциялық өндіру тек 2016 жылғы қарашада басталды. Оны North Caspian Operating Company халықаралық бірлескен компаниясы игеруде. Осы «Солтүстік Каспий жобасындағы» шетелдік инвесторлардың үлесі – 83%.
–Мұнай-газ кешені – капиталды көп қажет ететін, барлау мен өндіруде, сол сияқты қайта өңдеуде айтарлықтай инвестиция шығындауды талап ететін сала. Мұнай-газ жобаларының ұзақ іске асыру, өзін-өзі өтеу мерзімінің созылып кетуі және жоғары тәуекел деңгейі секілді сын-қатерлері бар. Осыған байланысты жобаларды қаржыландырудың неғұрлым пайдалы көздерін анықтау және оларды ұтымды үйлестіру маңызды. Бұл сала жобаларын іске қосу басталғанда, Қазақстанның инфрақұрылымы дамымаған күйде болды, ол жобаларды төл қаражаты есебінен қаржыландыруға мемлекеттің мүмкіндігі болмады. Отандық компанияларының сыртқы нарықта қарыз ала алмауына байланысты мұнай-газ жобаларын қаржыландырудың жалғыз әрі ықтимал тәсілі ретінде шетелдік тікелей инвестициялар таңдалды, – дейді Ұлттық банктің Экономикалық талдау басқармасының жетекші маманы Ақбөпе Құратова.
Оның талдауынша, көрші Ресей бұл стратегиялық секторына шетелдіктерді көп жіберген жоқ, шектеді. Өйткені оған деген қажеттілігі де аз еді: КСРО күйреген кезде Ресейдің мұнай саласы дамыған дәрежеге жетіп үлгерген-тін. Атап айтқанда, 26 мұнай өндеу зауыты жұмыс атқарды. Шикізатты шетелге тасымалдайтын алып құбырлары – халықаралық магистралдері де соның қоластында болды. Бұдан бөлек, Поволжье, Тиман-Печора және Батыс Сібірдегі алып кен орындары Кеңес одағының қаржысына 1960 жылдан бастап игерілген.
Империя өз орталығын ойлайды ғой, Ресей «қара алтынды» шикізат түрінде сатпай, оны өңдеп, өнімдер жасау тиімдірек екенін түсініп, тұңғыш мұнай өңдеу зауытын өз жерінде сонау 1863 жылы іске қосты.
Дегенмен, қазір батыстың санкциялық қыспағында қалған солтүстік көршінің бұл саласы біртіндеп кері кетуде. 2014 жылы Еуропалық одақ пен АҚШ «терең теңізасты мұнайын барлау мен өндіруге арналған жабдықтарды жеткізуге инвестицияларды тартуға», сондай-ақ «осындай жобалар үшін кез келген қызметтерді көрсетуге» санкциялар енгізді. Шетелден тікелей инвестиция тарту мүмкіндігінен айырылған Ресей амалсыздан балама құралдарға – кредиттер мен қарыздарға, құнды қағаздар мен облигацияларға ден қойды. Бұл ретте 2015 жылдан бері шетел валютасында номинирленген облигациялар шығару; таза пайда, активтерді сату секілді ішкі көздер мен резервтерді жұмылдыру, тікелей мемлекеттік көмек – РФ-дағы бұл саланы қаржыландырудың негізгі көзі болды.
Ірі мұнай-газ топтарының бірі – «Роснефть» ұлттық компаниясы бір жыл ішінде 1 триллион 769 млрд рубль кредит пен қарыз алған, құнды қағаздарын сатқан (облигацияларды өтеу бойынша міндеттемелері 640 млрд рубльге жетті). «Лукойл» ЖАҚ пен «Газпром» ЖАҚ-тың да жағдайы осындай: олардың кредиттері мен қарыздарының жалпы сомасы 2017 жылы тиісінше 616 млрд және 3 триллион 266 млрд рубльді құрады.
2018 жылдың 9 айында ресейлік отын-энергетикалық пайдалы қазбаларды, соның ішінде мұнай, газ, көмір өндіруге 23 млрд доллар инвестиция келген, бұл алдыңғы жылғыдан 4,7 млрд долларға көп. Алайда сарапшылардың пікірінше, «егер АҚШ 2019 жылғы үлгідегі «Американың қауіпсіздігін Кремль агрессиясынан қорғау туралы» (DASKA 2.0) заң жобасын қабылдар болса, онда Ресейге тікелей инвестициялар ағыны қысқаруы ықтимал». Аталған құжат РФ мұнай ресурстарын игеру жобаларын қолдағандарға және шетелдегі ресейлік мұнай жобаларына қарсы санкциялардан тұрады. Бұл шараларды іске асыру батыстық мұнай сервистік компаниялардың солтүстік көршідегі жаңа мұнай өндіру жобаларындағы жұмысын шектеуі мүмкін.
Қазақстан жағдайына келер болсақ, қазір мемлекеттің барлық ресурстары әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың тұрмысын жақсартуға, барлық осал топтардың әл-ауқатын көтеруға, баспанамен қамтуға жұмылдырылып жатқанда, мұнай-газ жобаларындағы мемлекеттік үлесті арттыру туралы сөз қозғау ерте болса керек. Бірақ бұл жолдың дұрыстығын дамыған елдер тәжірибесі паш етуде.
–Мысалы, мұнай кен орындарын игеруге кіріскенде, Норвегияда да шетелдік компаниялар қатары басым әрі үстем болды. Бірақ билік кейін «шикі мұнайды ел өзі дербес өндіруі және өңдеуі керек» деген байламға келді. Осыған орай мемлекет қатысуындағы ірі компаниядар құрылды. Оператор ретінде тиісті білім-біліктілікке ие болған ұлттық компания енді мұнай саласын бақылау ісінде мемлекетке жәрдем көрсетуде, – дейді сарапшы.
2005 жылдан бері шетелдік инвесторлар Қазақстанның мұнай-газ саласына 74,9 миллиард доллар қаржы салған. Осынша мол инвестицияны құюға әзірге жас отандық бизнес те, мемлекеттік бюджет те қауқарсыз екені құпия емес. Бірақ болашақта мұнай мен газ ресурсын өндіруді және игеруді Қазақстанның өз қолына алғаны маңызды. Бұл істе бізге Норвегия ғана емес, Австралия да үлгі бола алады. 1965 жылы тұңғыш теңіз ұңғымасын бұрғылай бастағалы бері Австралия мұнай-газ саласындағы қаптаған жобалардың айналасында технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің және өндірістердің инновациялық секторын құрды және оны дамытуда.
Бұл елде жергілікті компаниялар тереңдегі, қашықтықтағы ресурстарды игерумен шұғылданады және жобаны басынан бастап соңына дейін жүргізу тәжірибесіне ие: олар барлау және бұрғылау технологияларын кең қолданады; су асты, геофизикалық, инженерлік және жобалау жұмыстарын жүзеге асырады; геотехника, қауіпсіздік, оқыту, пайдалану және техникалық қызмет көрсету салаларын кең меңгерген. Нәтижесінде, мұнай-газ саласына 2017 жылдың өзінде 241 миллиард доллар инвестиция тартылған.
Қазақстанның мұнай өндіру саласында жергілікті мазмұн дәл осылай дамыса, отандық мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің біліктілік дәрежесі жоғарыласа, ешбір кен орны мен жобасының айналасында дау тумасы сөзсіз.