Бүгінде Арыс қаласын тез қалпына келтіру мақсатында түрлі бағытта жұмыс жүріп жатыр. Тек қана жанданған құрылыс жұмыстары емес, халықтың тұрмыс-тіршілігіне де баса назар аударылып, әлеуметтік қолдау жасалуда. Осыған орай, бүгін қалада екі жүз тоннадай ауылшаруашылық тауарлары арзан бағаға берілген жәрмеңке ұйымдастырылды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен Арыс қаласында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде жергілікті 50 шақты тауар өндіруші 200 тоннаға жуық өз өнімін ұсынды. Тауар қала тұрғындарына базар нарқынан 30 пайызға төмен бағада сатылымға түсті. Жиналған өнімдердің жалпы құны 67 млн теңгеден асады.
Жәрмеңкеге жеткізілетін өнімдер барлық аудан, қалалардан даму басымдылықтарына сәйкес жинақталған. Ондағы ет және ет өнімдерінің жалпы көлемі – 37,5 тонна, көкөніс – 55 тонна, сүт өнімдері – 24,4 тонна, бақша өнімдері – 41 тонна, жеміс-жидектің жалпы көлемі – 16,7 тонна, 2 тонна әсел, 5 тонна балық, 14 тонна өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласының түрлі бағыттарында жұмыс істейтін өңірлік ірі кәсіпорындар өз өнімдерін жәрмеңкеге алып келді. Атап айтқанда, «Аманкелді» ЖШС (Қазығұрт ауданы), «Асыл тұқымды Ордабасы ешкі сүт өнімдері» ЖШС (Ордабасы ауданы), «Бөрте милка» ЖШС (Ордабасы ауданы), Dala fruit.kz ЖШС (Сайрам ауданы), «Қайып ата» ЖШС (Қазығұрт ауданы), «Ордабасы құс» (Ордабасы ауданы), «Хамит» СТК (Шардара ауданы) және тағы басқа 22 кәсіпорын өнімдерін ұсынды.
Арыстық тұрғындарға арналған жәрмеңкеге арнайы Төлеби ауданынан өнерпаздар қатысып, өз концерттік бағдарламаларын көрсетті.
Түркістан облысы