Қазақстанның өне бойында шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығы үстемдік етуде. Аспан айналып жерге түскендей, төңіректің бәрі отқа оранғандай алапат аптап апшыны қуырып барады. Даладағы жоғары температурадан есінен тана жаздаған тіршілік иелері көлеңкеге тығылып жан сақтайды. Осы сияқты экономикада да жан төзгісіз жағдайлар, дағдарыстар орнағанда, кәсіпкерлер құзырлы орган назарынан, күнгейден кетуге тырысады. Кәсіпкерліктің көлеңкелі жағы көбейеді.
90-жылдардан бері әлденеше айналып соққан дүрбелеңдер мен күйзелістер кезеңінде көлеңкеге кеткен бизнесмендер мен басқа да кәсіп иелері табыстарының біраз бөлігін, кейде барлық бөлігін жасыруға әбден бейімделіп, бой үйретіп алды. Демек, оларды ол жақтан шығару оңай шаруа емес. Сондықтан мемлекет көлеңкелі экономикамен күрес шараларын күшейткелі отыр.
Көпшілік біле бермес, бірақ кезінде мемлекеттен жасырын жүретін, салығы төленбейтін бизнеспен күрес үшін қағаз ақша ойлап табылған. Қазір әлем ғалымдары мойындағандай, қағаз ақшалардың кең ауқымда енгізілуі Қытайды Шыңғыс ханның немересі Құбылай басқарып тұрған тұстан бастау алыпты. Адамзат тарихындағы аса ірі империяны лайықты басқарудың түрлі тиімді тәсілдерін іздеген азиялық билеуші бояу жағылып, мәтін жазылып, мөр басылған қағаздың өте бағалы құндылыққа айналарын батыстан бұрын білген. Нәтижесінде, қағаз банкноттар халықтан және саудагерлерден салық жинауды әрі мемлекетті басқаруды әлдеқайда жеңілдетті. Сонымен бірге, ауыр шақа-монеталарды алапат зор ауқымда әрлі-берлі тасып жүру тауқыметінен құтқарды.
Құбылай хан 1273 жылы банкноттарының жаңа сериясын шығарды, оларды мемлекеттің өзі бақылап, субсидиялайтын болды. Оларды кең айналымға ендіру үшін әрине, мықты орталық билік тетіктері мен әкімшілік әдістер қолданылған: өзі ойлап тапқан валютаны қолдау үшін моңғолдық император бұйрықты орындамағандар салмақты жаза тартатынын жария етіп, өзіне бағынышты барша жұртты жеке мөрі басылған қағаздарын төлем құралы ретінде қабылдауға мәжбүр етті. Онымен қоймай, билік азаматтар қолындағы барлық алтынды тәркілеп, оның орнына қағаз ақша ұстатқан. Тіпті мемлекет аумағына кірген саудагерлер мен керуен иелері барлық алтын-күміс, асыл тастарын үкіметке тапсыруға міндеттелген. Оған айырбас ретінде жергілікті банкноттар табысталды.
Осы кезде Қытайға сапарлаған атақты италиялық жиһангез Марко Поло қағаз ақша жүйесінің енгізілуі тек «өз күш-жігерін өз аумағында тұратын жұртшылыққа толық әрі табанды түрде таратуға қабілетті күшті орталық билік бар жерде ғана мүмкін болғанын» айқын түсінеді. 1345 жылы қазақтың ұлы даласын кесіп өтіп, Құбылай хан ұлысына жол шеккен марокколық саяхатшы, араб географы Мұхаммед ибн-Баттута да қағаз ақша жүйесінің жұмыс істеуіндегі мықты билік рөліне қатысты байлам жасайды. Ол қытайлық базарларда алтын немесе күміс монеталармен есептесу мүмкін еместігін жазған.
Содан бері дәуірлер ауысты, замана өзгерді. ХХІ ғасырда әлемде өкіметтер керісінше, шытырлаған қағаз ақшаның кең айналымымен күресіп жатыр. Өйткені қолма-қолсыз қаражат құзырлы органдар бақылауында. Ал әмиянға салынған, не чемоданға толтырылған қаржының есепке алынуы неғайбыл. Сол себепті азаматтардың толығымен картамен сауда жасап, сонымен есеп айырысуға көшуі – дамыған мемлекеттер билігінің аңсарлы арманы саналады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2019 жылғы мамырда Қазақстанда төлем карточкалары арқылы 2,4 триллион теңге сомаға 125,5 миллион төлем-транзакция жүргізілген. Былтырғы 2018 жылғы мамырмен салыстырғанда, транзакциялар саны 2 есе ұлғайды, ал сомасы бірден 57,5%-ға өсті. Алайда қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдердің үлесі көлемі жөнінен небәрі 42,6%-ды құрайды (өткен жылы – 29,2%).
2019 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда төлем карточкаларын шығарумен 22 банк және «Қазпошта» айналысады. Олар әзірлеп, таратқан барлық төлем карточкаларының саны 25,1 миллион бірлікке жетті. Бұл карточкаларға 10,6 мың банкомат, 144,8 мың POS-терминал қызмет көрсетеді.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бұлар ішіндегі 5,2 миллион кредиттік карталардың жартысына жуығы – 2,8 миллионы шынында пайдаланылмай, керексіз болып жатыр: олар арқылы еш төлем жасалмайды. Бұған халықты банктер ұсынатын cash back жүйесі де ынталандыра алмай отыр.
Бірақ батыс мемлекеттеріндегідей жұртшылықты несиемен өмір сүруге тегіс тәуелді ету біздің Үкіметтің мұраты емес. Тиісінше, қазіргі уақытта төлем карталарының 75%-ын құрайтын дебеттік карталарды ілгерілетуге баса мән берілуде. Нақтылай кетсек, бұлар (debit card) – тауарлар мен қызметтердің құнын төлеу, сондай-ақ банкоматтардан қолма-қол ақша алу үшін қолданылатын банктік төлем картасы. «Кредиткалардан» және овердрафты рұқсат етілген бірқатар дебеттік түрлерінен айырмашылығы сол, қарапайым дебеттік карталар бойынша қарызға ақша берілмейді: оның ішінде қанша қаражат болса, соны ғана жұмсайсыз.
Алайда осы карталардың өзі көп жағдайда қажетке жарамай қалады. Қаржылық реттеушінің дерегінше, осы жылғы маусым айында республикамызда төлем карталарын қабылдайтын тек 87,1 мың сауда орны ғана болған. Бұл көрініс келесі жылы түбегейлі өзгеруге тиіс: жекелеген кәсіп түрлерін қоспағанда, барлық бизнес өкілдері, саудагерлер, соның ішінде патентпен жұмыс істейтіндері де 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, төлем карталарымен есеп айырысуға мүмкіндік беретін аппараттарды сатып алуға міндеттеледі.
Бұған қоса, картамен төлегісі келген адамның бетін қайтарған кәсіпкерлер, тіпті нотариустар да үлкен көлемде айыппұлмен жазаланады. Бұл шараларға мемлекет көлеңкелі экономикамен күресті өрістету үшін бармақ.
Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.
Қазіргі кезде кейбір супермаркеттер, сауда орындары, дәріханалар таңдаған тауарларын сатып алу үшін пластикалық картасын ұсынған тұтынушыға қызмет көрсетуден бас тартып, қағаз ақша беруді талап етеді. Бұл кесір қылығы үшін олар ескертумен құтылатын. Енді жаңа түзетулерге сәйкес, ескертуді айыппұлмен ауыстыру көзделуде.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағында сауда қызметін жүзеге асыру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде дара кәсіпкер немесе заңды тұлға төлем карточкалары арқылы төлемдерді, аударымдарды қабылдаудан бас тартса, онда бұл «шағын кәсіпкерлерге – 10 АЕК (25 мың 250 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 (75 мың 750 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 айлық есептік көрсеткіш (126 мың 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
Егер кассирі бұл қарекетін қоймаса, ары қарай да картамен есептесуден бас тарта берсе, кәсіпкерге салынар айып өсе бермек: әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, шағын кәсіпкерлер – 30 АЕК (75 мың 750 теңге), орта кәсіпкерлік нысандары – 60 АЕК (151 мың 500 теңге), ал ірі кәсіпорындар – 100 АЕК (252 мың 500 теңге) мөлшеріндегі айыппұл түрінде жаза тартады.
Бұл талаптар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.
Күрес шаралары тиісті құрылғыны сатып алуға шығын шығарғысы келмей жүрген бизнесмендерді де қамтымақ. Қолданыстағы заңнама бойынша әмиянында «тірі ақша» ұстамайтын клиенттердің меселін қайтарып, карта үшін терминалы жоқтығын сылтаурататын кәсіпкер қолға түссе, оған құзырлы органдар бірінші жолы тек ескерту жасап, қоя беретін. Бұдан былай ондай «мейірімділік» болмайтынға ұқсайды.
Азаматтық кодекстің 195-ші бабына енгізілетін өзгерістерге сәйкес, егер жеке кәсіпкерде немесе компанияда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың, құрылғының жоқтығы анықталса, не тұтынушылар соған шағымданса, онда шағын кәсіпкерлерге – 10, орта кәсіпкерге – 30, ірі кәсіпкерлік нысандарына 40 АЕК айыппұл арқалауға тура келмек.
Заң жобасын әзірлеуші Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңы жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желісі жоқ жерлерде орналасқандарынан басқа барлық жеке кәсіпкерлерді картадан төлем қабылдайтын құрылғыны орнатуға және өз қызметінде қолдануға міндеттейді. Осы арқылы тұтынушыларға өздері қалаған тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысудың қолма-қол не қолма-қолсыз тәсілдерін таңдау құқығы беріледі.
– Бұл түзетулер арқылы төлем қабылдауға арналған жабдықтарды пайдалануға тиісті болатын тұлғалар қатары кеңейтілуде. Қолма-қолсыз есептесуге мүмкіндік беретін құрылғының жоқтығы табысты жасыруға және көлеңкелі экономиканың ұлғаюына жол ашады. Ал мұндай жабдықтарды жаппай қолдану бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға септеседі, сәйкесінше, әлеуметтік маңызды бастамалар мен міндеттерді қаржыландыру көлемін өсіруге мүмкіндік туады, – деп дәйектейді министрлік.
Бұдан бөлек, мемлекет мұның халық ақшасының бүтіндігін, алаяқтар мен ұрлықшылардан қорғалуын қамтамасыз ету үшін қажет екеніне нұсқайды: «төлем карталарын барлық жерде жаппай пайдалану пластикалық картаны ұрлатып алу немесе жоғалту кезінде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мысалға, сондай жағдай болса, карта иесі оны бұғаттап тастай алады».
Бас экономист ведомствосы қолданыстағы заңды «тым жұмсақ» санайды:
«Төлем қабылдауға арналған құрылғының жоқтығы үшін көзделген жауапкершілік тым жұмсақ болғандықтан, жекелеген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар заңнама талаптарын орындамайды. Тұтынушылар құқығын қорғау және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында ескерту жасау түріндегі әкімшілік жазаны айыппұлмен ауыстыру керек деген пікірдеміз», – дейді Экономика министрлігі.
«Көлеңкедегі» қаражат айналымымен күрес аясында нотариустер мен сот орындаушыларының да табысын бақылауға алу қарастырылуда. Бұл ретте сауда операциялары, қолма-қол ақша арқылы жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жүргізілетін ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде бақылау-кассалық машиналарды қолданбаса, сондай-ақ ақаулы немесе мемлекеттік кіріс органының есебінде тұрмаған бақылау-кассалық машиналарды қолданса, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлікке – 7 АЕК (17 мың 675 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК (37 мың 875 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК (63 мың 125 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Жаңа заң жобасы қабылданса, Қазақстанда бизнесмендер үшін жаңа жаза түрі пайда болады. Тарата айтсақ, бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін бермеу, сондай-ақ ол чектегі соманы тауар не қызмет құнынан өсіріп не кемітіп көрсету – «оқасы жоқ» деп қоя салатын жаңсақтықтан жазаланатын әрекетке айналады. Осыған жол берген жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, шағын кәсіпкерлер – 10, орта кәсіпкерлік нысандары – 15, ірі компаниялар – 20 АЕК айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Жалпы алғанда, жаңа шаралар 1 миллион 231 мың 520 кәсіпкерді қамтиды деп болжануда. Әзірге олардың тек 404 мыңы немесе 32,8%-ы ғана фискалды жады бар бақылау-кассалық аппараттарын қолданып, тұтынушыларға чек береді.