Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барған Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев, Балайым Кесебаева, Байділда Жылқышиев, Тарас Хитуов «Баламекен» жобасы аясында салынған тұрғын үйлер құрылысымен танысып, тұрғындармен жүздесті.
Осыдан бірер ай бұрын, «Бәйтерек» ықшамауданында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 150 баспананың құрылысы басталған болатын. Оның ішінде 50 пәтер жергілікті қазына есебінен, 100 баспана Қызылорда облысының әкімдігі мен меценат Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры арасындағы келісімшарт негізінде салынып жатыр. Бүгінде қос пәтерлі 100 отбасына арналған 50 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындар қоныстанған. Көпшілігі –көпбалалы отбасылар. Солардың бірі – 7 баланың анасы Ізімкүл Тұрсанова. Ол отбасында болған халық қалаулыларына осындай қамқорлық көрсетіп отырған Президентке алғыс айтты.
– Бұған дейін пәтер жалдап қиналып жүргенбіз. «Баламекен» деген жобаның арқасында міне, баспаналы болып отырмыз. Көшіп келгенімізге бір ай болды. Мұнда жарық, су, газ, жол, телефон байланысы барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысына, облыс басшылығына осындай қамқорлық көрсетіп жатқанына алғыс айтамын, – деді Ізімкүл Тұрсанова.
Президенттің халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы тапсырмасының нәтижелі жүзеге асқанын көрген депутаттар аймақтағы жұмысқа оң баға берді.
– Біз жұмыс сапарымен барлық өңірде болып жүрміз. Алайда көпбалалы аналар үшін жасалған мынадай игілікті жобаны тек Сыр өңірінен көріп отырмыз, – деді Балайым Кесебаева.
Айта кету керек, тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында соңғы 6 жыл ішінде Қызылорда қаласының өзінде 15 ықшамаудан салынды.
Nur Otan партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахмановтың айтуынша, жаңа аудандарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 2019 жылдың соңына қарай Қызылорданың сол жағалауында 2 628 пәтерлік 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Шамамен 13 мың қоныстанады. Елбасының 2018 жылдың қаңтарындағы Жолдауына орай, болашақта бір адамды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де жоспарда бар.