Алматыда балалар құқығын қорғауға арналған Biz bolashaq urpaqpiz конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Конкурс Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқын қорғау жөніндегі кеңестің қолдауымен Generation Next жастар жобасы және Tamos Family Club спорт кешенінің ұйымдастыруымен өтті. Байқауға қатысу үшін 7 мен 18 жас аралығындағы 14 өңірдің балалары эссе мен ролик түріндегі өздерінің өтініштерін жолдады. Барлығы 137 жұмыс түсті. Отырыс барысында алматылық қатысушыларға сыйлықтар табыс етілді.
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арман Халбеков партия жастардың жобаларын үнемі қолдайтынын жеткізді.
– Конкурстың мақсаты – балалардың құқығын қорғау, дарынды жастарды қолдау, оқушылар арасында шығармашылық белсенділікті арттыру. Осындай байқауларды өткізудің арқасында еліміздің әр аймағынан жүздеген талантты бала шығады. Байқау балалардың қабілетін дамытудың ең тиімді тәсілі екені анық. Конкурстар оқушылардың өмірге қажетті тәжірибе жинауына, идеяларының іске асуына үлкен мүмкіндік туғызады, – деді Арман Халбеков.
Республикалық кеңес биыл ақпанда Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасы бойынша құрылды. Консультативтік-кеңесші орган орталық меморгандар өкілдерін, қоғам қайраткерлерін, сондай-ақ қызметтері балалардың құқын қорғау мен отбасын қолдауға бағытталған қорлар мен үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді.
Орталық балалардың құқын қорғау мен отбасыны қолдаудың негізгі стратегиялық бағыты мәселелері бойынша нақты іс шараларды пысықтап, іске асыратын механизмдерді жетілдіре түседі.