Парламент Мәжілісінің депутаттары Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ақтаудағы тұрғын үй, коммуналды-тұрмыстық және өнеркәсіптік бағыттардағы нысандарды жылумен, сумен қамтуға жауапты «Каспий жылу, су арнасы» МКК ұжымымен кездесу өткізді.
Депутаттар Бақытжан Ертаев, Евгений Козлов, Ирина Унжакова аймақтағы басты проблемаларды талқылады.
«Каспий жылу, су арнасының» басшысы Бақыт Шапқанның айтуынша, мекемеде 600-ге жуық адам қызмет етеді. Депутаттар Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстарға, елдің ертеңі жарқын болуы үшін білікті мамандарды оқыту, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, жастардың рөлі туралы ой бөлісті. Депутат Бақытжан Ертаев жастар проблемасына көбірек тоқталды. Оның айтуынша, тәжірибе уақыт өте келеді, сондықтан да алдымен басшы болуға асықпау керек, керісінше білікті маман болуға ұмтылған абзал.
– Тарихымыз терең, біздің болашағымыз алда, шекарамызды шегелеп, ту көтеріп, тәуелсіздікке жетіп, мәңгілік ел болуға қадам бастық. Болашақтың кілті – жастарда. Биыл – Жастар жылы. Nur Otan партиясы жастардың бастамасын қолдайды. Жұмыссыз жүргендер – жалқаулар. Жұмыс бар, тек таңдамай қызмет ету керек. Еңбек еткен далада қалмайды, – деді Бақытжан Ертаев.
Кәсіпорын қызметкерлері жұмыстағы қиындықтар туралы сөз қозғады. Әсіресе, құқық қолдану тәжірибесін жеңілдету сұрақтары бойынша заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасады.
Атап айтқанда, «Нотариустармен нотариалдық әрекет жасау» ережесіне толықтыру енгізу қажет. Яғни, нотариустарды сатушыдан барлық мекемеде қарызы жоқтығын растайтын анықтама сұратуды міндеттеу қажет. Бүгінде сатушылар өзінің иелігінен шығаратын мүліктерін оп-оңай шығарып жатыр. Алайда коммуналдық төлемақыларды төлеуге асықпайтын көрінеді. Егер жоғарыда көрсетілген анықтаманы бермеген жағдайда, мәмілелерді тіркеуден бас тартуы қажет.
Сонымен қатар талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану, берешекті өндіру бойынша үдерістер инжинирингі, үйге ортақ есеп аспаптары кімдердің балансында болуы тиіс деген сұрақтар көп талқыланатын, алайда шешімін таппай келе жатқан алдыңғы проблемалардың қатарында екені айтылды.
Кездесуде депутаттар мекеме қызметкерлерін толғандырған барлық сұраққа толықтай жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Айтылған мәселелер орынды және олардың шешу жолдары қарастырылады деп сендірді.