Кейде қоғамға деген қыжылы, мемлекетке наразылығы, айналада болып жатқан үдерістерге көңіл толмастығы бар адамдардың елдік мәселені де тәрк етіп кететіні бар. Дәл осындай жандардың көбеюі салдарынан қоғамымыз сақтар мен ғұндар дәуірінде, көк түріктің тұсында, қазақ хандығы заманында, бертіндегі ақтар мен қызылдар қақтығысында ұлттық мүддені аяқасты етіп, берекесі кетіп, жік-жікке, жан-жаққа бөлініп, жауларына жем болды.
Сол сияқты тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттілігіміздің рәмізі, экономикамыздың маңызды ұстыны саналатын ұлттық валютамызды тәрк етуге, оның беделіне нұқсан келтіруге тырысатындар, сондай-ақ бірер жыл бұрын бір-екі рет талқыланып ұмытылған Еуразиялық одақтың ортақ валютасы идеясын қайта жаңғыртып, соны бері төндіріп қоятындар көбейді.
Таяуда әлеуметтік желілерде, сонымен қатар WhatsApp және басқа да мессенджерлер арқылы «Қазақстан 2019 жылғы тамыздан бастап, жаңа валютаға – алтынға өтеді» деген жалған хабарлама таратылды. Аудиохабардағы белгісіз дауыс қазақстандықтарды шұғыл түрде теңгедегі бар жинақ ақшасын долларға айырбастауға, болмаса, оған автокөлік, пәтер және басқа да дүниелерді сатып алуға немесе кредитке алуға шақырады.
Бұл сыбысқа былайғы жұрт түгілі, кейбір сарапшылар да сеніп қалды. Мұндай шешім 29 мамырда елордада өткен Еуразиялық одақтың саммитінде қабылданған болар деп жорамал құрғандар да болды. Осыған байланысты астанамыздағы Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің аталған жиыны аясындағы келіссөздерге қатысқан Ұлттық экономика вице-министрі Жасұлан Мәдиевке сауалмен жүгіндік.
Вице-министр осы саммит ЕАЭО туралы шартқа қол қойылып, бірлестіктің құрылғанына бес жыл толуы мерейтойына арналғанын, онда одақ аясында бірыңғай валютаға көшу туралы шешім қабылданбақ түгіл, ондай мәселе күн тәртібіне де шығарылмағанын мәлімдеді. Яғни, саммитке сілтеу жөнсіз.
«Алтын» туралы фейк-ақпаратқа қатысты Ұлттық банк те үн қатып, мұны «экономикалық диверсия» деп бағалады.
– Ұлттық банк «Қазақстанның 2019 жылғы тамыздан бастап, жаңа валютаға – алтынға өтетіні» жайындағы ақпараттың экономикалық диверсияға шақыратын дәйексіз, арандатушылық ақпарат екенін ресми түрде хабарлайды, – деген қаржылық реттеуші қазақстандықтарға өтінішпен жүгініп, аудиохабарлардағы дауысты таныған жағдайда, телефон нөмірі, facebook және басқа да әлеуметтік желілер арқылы Ұлттық банкпен байланысуын сұрады.
Ерболат Досаевтың ұжымы қасақана жалған ақпаратты әзірлеген авторлар мен таратушыларды анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына да жүгінген көрінеді.
«Қайта жауған қар жаман, қайта шапқан жау жаман» дегендей, бұл бірінші жағдай емес: дәл осындай жоққа шығару мәлімдемесін қаржылық реттеуші кезекті фейк-хабарға орай биылғы 6 маусымда да жасауға мәжбүр болған-тын.
ХІХ ғасырдың басында француз саяси қайраткері, әділет министрі Антуан Жак Клод Жозеф Буле де ла Мёрт: «Бұл – қылмыстан да жаман, бұл – қателік!» (C'est pire qu'un crime, c'est une faute) деген екен. Соны қайталағаннан басқа амал жоқтай.
Дүркін-дүркін девальвацияға ұшырай беретіндіктен, бұқара халықтың ұлттық валютаға деген өкпесі «қара қазандай» екені құпия емес. Әлгіндей теңгені тарих түкпіріне тентіретіп жіберіп, орнын «алтынға» әперетін өсектердің бір бөлігі сол өкпеден туындайтын болар. Бірақ девальвацияға теңге айыпты ма? Бұл проблемаға Ұлттық банктегілер, сонымен қатар отыз жылдай уақыт ішінде экономиканың мұнайға тәуелділігін көп төмендете алмаған, өңдеу саласын өркендете алмаған салалық шенеуніктер жауапты болса керек.
«Доллар мықты екенін және ешқашан құнсызданбайтынын да түсіндік, ендеше бірде долларға, дүрбелең басылғасын қайтадан теңгеге ауыстырып жүргенше, неге ұлттық валюта дегеннен бас тартып, АҚШ валютасына түбегейлі көшіп алмаймыз!», – деп күйінеді бір ағамыз.
Төрткүл дүниеде оның да үлгі-тәжірибесі бар. Әлемде қос мемлекет – Зимбабве мен Эквадор төл валюталарынан толығымен бас тартып, АҚШ долларына көшіп алды. Салдарынан, саясаттағы тәуелсіздігінен де толығымен айырылған. Демек, ұлттық валютадан бас тарту – қандай қиындықпен келген тәуелсіздікті нығайтудан бас тартуды, азат тіршілік үшін ұлттық күресте түбегейлі жеңіліп, біреудің қолжаулығына айналуды білдіреді.
«ЕАЭО-ның ұлттық валютасы» да Кеңес одағындағы «рубль-сом» жүйесіне өте ұқсас болмақ, яғни, Мәскеуге тәуелділікке оралу деген сөз. Ондайдың болмайтынын еліміздің бас қаржыгері де айтып отыр.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары–қаржы министрі Әлихан Смайылов «алтынды енгізу» туралы үрейлі сөздерді бұрынғы заманда дүмше молдалар елді қорқыту үшін айтатын «ақырзаман жайындағы сандыраққа» теңейді.
– Еуразиялық одақ аясында «алтын» деп аталатын ортақ валютаны енгізу туралы тақырыпты базбір тұлғалар әдейі әрі ұдайы түрде қозғай береді. Ол – ақырзаман туралы қауесеттер қатарындағы әншейін әңгіме. Ұйымға мүше елдерде бірыңғай валюта ендіру мәселесі ЕАЭО аясында ешқашан қаралмағанына сіздерді сендіргім келеді. Ол мәселе Еуразиялық экономикалық одақтың күн тәртібінде тұрған жоқ! – дейді Ә.Смайылов.
Ол 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылған, қазір қолданыста жүрген ЕАЭО туралы шартта еуразиялық интеграцияның бағыттары көрсетілгенін еске салды. Осы келісімде де, басқа негізқұраушы құжаттарда да бірыңғай валюта енгізу қарастырылмаған екен.
– Әр елдегі ақша-кредит саясаты – толығымен ұлттық органдар құзырында. Алтын аталсын, басқаша атау берілсін, қандай да бір ортақ валютаны ендіру – елдің тәуелсіздігінің бір бөлігін жоғалту дегенді білдіреді. Бұған жол берілмейді. Қазақстан өзінің ұлттық валютасын сақтайды. Ұлттық банк тәуелсіз ақша-кредиттік саясатын жүргізуді одан ары жалғастырады, – деп нықтады бірінші вице-премьер, бас қаржыгер Әлихан Смайылов.
Қазақстандықтар теңгеге қатысты тек бір жайтқа ғана «өкпелей» алса керек: әмияндағы теңгенің саны үнемі жеткілікті түрде көп бола бермейді. Бірақ бұл – еңбек етіп, табыс табуға, біліктілікті көтеруге, мансап бойынша жоғарылауға, мемлекеттік қызметтегі жікшілдікпен және жемқорлықпен күреске, тұтастай алғанда, мемлекеттің халықтың әл-ауқатын көтеру саясатына тікелей қатысты.
Теңге азаттықтың алғашқы жылдарында, 1993 жылы Елбасының түн ұйқысын төрт бөлген ерен еңбегі арқасында айналысқа енгізілгеннен кейінгі ширек ғасыр ішінде тіпті бірқатар валюталар жүзжылдықтар ішінде жүріп өткен жолды еңсерді.
Теңге бүгінде өзіне жүктелген тарихи рөлі мен миссиясын атқарып келеді. Ол ұлттық экономикамыздың өне-бойына қан жүгіртер «күретамырға» айнала алды. Ол экономиканы даму рельсіне түсірді, қажетті ырғақ берді. Балалық шағы мен ересек өмірі қалпымен Кеңес Одағы кезеңінде өткен аталарымыз бен әжелеріміздің өзі енді 90-жылдардағыдай өзара әңгімеде «бәленбай сом» деп жаңылыспайды. Барша қазақстандықтар, сондай-ақ бүкіл халықаралық қаржылық орта үшін «теңге» деген сөз құлақ отықты, көз үйреністі ұғым саналады.
Теңгеміз тоқсаныншы жылдардың талай тезі мен сынағынан өтті. Тоқыраған кезі де болды, бірақ жүрелеп қалмады, қайта еңсе тіктеді.
Теңгенің құнсыздану көрсеткішін көршінің рублімен салыстырып, ұлттық валютаны сөгерлік мін тауып жататын отандастарымыз жетерлік. Көпшілік біле бермес, рубль ақшалай бірлік ретінде алғаш рет 1316 жылы «Новгородская грамотада» мәлімделген. Сондықтан 2016 жылы Ресей төл валютасының 700 жылдығын атап өтті. Ендеше, жеті ғасыр бойы күш жиған рублінің небәрі 25 жастағы балаң теңгемен қатарласа құлдырағанына ұялса, ресейліктер ұялуы керек.
– Сіздердің ұлттық валюталарыңыздың атауы орыс тіліндегі «деньги» деген сөзден алынған, – деп «жаңалық» ашты халықаралық форумға келген ресейлік әріптестердің бірі.
– Ал деньги сөзінің түп-төркіні, этимологиясы қандай екенінен хабарың бар ма? – деймін оған. «Қазір!» деп, смартфонына сүзілген ол: «Энциклопедияларда деньгидің түріктің «теңге» сөзінен шыққаны айтылады», – деп сабасына түсті.
Негізі, теңгеге қатысты кең ауқымды, халықаралық деңгейдегі «түсіндіру жұмыстары» жетіспейді. Пиарын халықаралық деңгейде келістірсе, оны голливудтық фильмдерде жақсы сипатта, оң формада паш етсе, ұлттық валютамыздың имиджі артып, оның мультипликативтік тиімділігі де зор болар ма еді! Әлемдік аренада бедел-ажары бекемделген ұлттық валютамызға қатысты қазақстандықтарда мақтаныш сезімі қайта туып, сенімі нығайып, бұл долларсыздандыру үдерісіне серпін беруі ықтимал.
Төл валютасын әлемдік деңгейде насихаттаудың кинематографиялық тәсілін алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бәрі қолданады. Мысалы, үнді фильмдерінде басқа түгіл бандиттердің өзі банкті не басқасын тонағанда, долларды емес, үнді рупийін беруді талап етеді. Ал біздің киногерлер болса, теңгеге түсірілген туындыларында кейіпкердің ауқатының белгісі ретінде сол бұрынғыдай чемодан толы АҚШ валютасының муляжын көрсеткеніне мәз болып жүр.