Мәжіліс депутаттары Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Алдымен халық қалаулылары Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан «Ноғайбай» ЖШС-не барып, орталық жұмысымен танысты. «Ноғайбай» ЖШС ауылды абаттандыруда үлкен жұмыс атқарып келеді.
Депутаттар Зәуреш Аманжолова, Жанат Омарбекова, Гүлнар Бижанова және Кәрібай Мұсырман дәнді, майлы және азық дақылдарын өсірумен айналысатын кәсіпорынның қызметіне оң бағасын берді. Жалпы, егіс алқабы – 12 мың гектардан астам. Кәсіпорында 34 адам еңбек етеді. Орташа жалақылары – 105 мың теңге.
Серіктестік директоры Алтынбек Сапаров Ноғайбай ауылының гүлденуіне елеулі үлес қосып келеді. Кәсіпкер ауылында саябақ ашып, жастарға футбол және баскетбол, сондай-ақ жаттығу алаңдарын салып берген. Демалыс орталығы мен кітапхана да тұрғындардың жиі келетін сүйікті орнына айналған.
Ауылда адамның жақсы тұрмысына керектің бәрі бар. Былтыр фельдшерлік пункт ашылды. Әр үйге су кіргізілген. Жол бар, жыл сайын жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұдан басқа кәсіпкер қайырымдылықпен белсенді айналысады. Былтыр меценаттықты дамытуға қосқан үлесі арқасында Алтынбек Сапаров «Жомарт жүрек» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.
– Ноғайбай ауылының тыныс-тіршілігімен таныстық. Бұл – кеңшардың бөлімшесі болған шағын ауылдардың бірі. Осы елдің азаматы Алтынбек Сапаров шаруашылығын ғана дамытып қоймай, өз ауылының көркеюіне де зор үлес қосып келеді. Алтынбек сияқты азаматтардың игілікті ісі көпшілікке үлгі. Осындай ұлтжанды, іскер азаматтардың арқасында ауылдарымыз өсіп, өркендеу үстінде, – деді Кәрібай Мұсырман.
Биыл бұл ауылға оңтүстіктен 3 отбасы көшіп келеді деген жоспар бар. Оларға келе салысымен жаңа тұрғын үй берілмек. Ноғайбайға оңтүстіктен қоныс аударған отбасылардың саны бүгінде оннан асады. Кәсіпкер ауылға көшіп келгендерге мүмкіндігінше жағдай жасап, серіктестікке жұмысқа аламыз деп отыр. Басты мақ-
сат – ауылды көркейту, оның экономикалық әлеуетін арттыру.
– Әрбір кәсіпкер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысып, өз көмегін көрсетуі тиіс. Сондықтан осындай үлгіге кәсіпкерлеріміздің көпшілігі сүйенуі тиіс, – деп атап өтті сапар барысында Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.
Халық қалаулылары сапар барысында ауыл-ауылдарды аралап, халықпен кездесу өткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі орындалуын бақылауға алды.