Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау жұмыстары жүзеге асырылуда.
«Парыз» қорының қаржысы есебінен сатып алынған бұл баспаналар ауылдық жерлерде тұратын тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді.
Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасымен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөнінде өңірлік қоғамдық комиссия құрылып, жұмысын бастап кетті.
Құрамына көпбалалы аналар қосылған аталған комиссия сатылымдағы үйлердің тұруға жарамды, ауылдық жер болғандықтан мал ұстап, бақша өсіруге ыңғайлысын таңдап ұсыныс жасады.
Көпбалалы отбасыларға үйлердің кілтін Nur Otan партиясының аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Серік Ақтанов табыстады.
Салтанатты шарадан соң, баспаналы болған сегіз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Жаңылхан Буканова сөз сөйледі.
– Осыған дейін отбасымызбен пәтер жалдап тұрдық. Өзіміздің үйіміз болмады. Бүгінгі қуаныштың орны бір бөлек. Аудан әкімінің қолынан пәтердің кілтін алдық. Дәл мендей қуанып отырған өзге де көпбалалы отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын. Көпбалалы отбасыға жағдай жасап жатқан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына, аудан әкімі Серік Қасымбекұлына ризашылығымды білдіргім келеді, – деді ол.
Бұдан бөлек салтанатты шара барысында өзге де қайырымдылық жұмыстары жасалды. Баспаналы болғанына шаттанған көпбалалы аналар басшылыққа алғысын жеткізді.