Қостанайда Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының кезектен тыс отырысы өтті. Оған Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында Қостанай облысы бойынша білім саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға республикалық бюджеттен 5,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген 35 мыңнан астам қызметкердің жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Жиында басты әлеуметтік мәселердің бірі – баспанамен қамту екені талқыланды. Өңірде 2017 жылдан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Биыл 330 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқан.
– Биыл «Әуежай» ықшамауданындағы үй құрылысы жалғасатын болды. Барлық үй 2020 жылға дейін салынады. Барлық инженерлік желілер толықтай тартылған. «Юбилейный» ықшамауданы да назардан тыс қалмайды. Бас-аяғы 14 мыңға жуық азаматқа шақталған, 47 үй салыну көзделуде. Соның 10-ы бүгінде бой көтерді, – деді құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсембаев.
Сондай-ақ биыл «Қонай» ықшамауданында құрылыс жұмыстары басталмақ. «7 – 20 – 25» бағдарламасы басталғалы 603 өтініш түсіп, оның 412-сі мақұлданған. Қостанай ауданы әкімдігі мен «Тобыл» коорпорациясы арасында алғашқы 10 пайызды субсидиялау шаралары қолданылып келеді. Бүгінде 36 бағдарлама қатысушысына әлеуметтік коорпорация алғашқы 10 пайыздық жарнаны төлеген.
Депутаттық фракция отырысында өңірдегі медицина саласындағы мәселелер де көтерілді. Жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы аз екендігі сөз болды. Нәтижесінде, бұл саладағы мамандар жоқтың қасы. Парламент Мәжілісінің депутаты барлық толғандырған мәселені зерттеп, депутаттық сауал аясында жолдайтынын жеткізді.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, Қостанай жастарын баспанамен қамту мәселесі оңтайлы шешімін табуда. Маусым айынан бастап аймақтағы 35 мыңнан астам мұғалімнің айлығы 17-23 пайызға көбейген. Мәселен, жоғары білімді педагогтың орташа жалақысы бұған дейін 69 мың теңге болса, қазір 83 мыңға жетті. Тәрбишілердің де еңбегі еленіп, айлығына 11 мың теңгеден 13 мың теңгеге дейін үстеме қаржы қосылды. Білім саласындағы қызметкерлердің жағдайын жақсарту мақсатында республикалық бюджеттен 5,6 миллиард мақсатты трансферттік қаражат бөлінген.
– Алдағы 2020-2021 жылдарға келер болсақ, биыл жетіспей қалған сомманы міндетті түрде ескеріп, есепке алуға мүмкіндік береді. Яғни, қосымша қаражат қарастыру арқылы бұған дейін жалақысы өспеген көпшілікке және өзге де категорияларға төленетін болады, – деді депутат Ирина Аронова.
Жиын барысында өткен сайлауда үгіт-насихат жұмысына атсалысқан партия белсенділері де марапатталды.
– Сайлауға тұрғындардың 84 пайыздан астамы атсалысқан. 1 мыңнан астам сенімді өкіл кандидаттың сайлауалды бағдарламасын насихаттады. Бұл жеңіс – үлкен еңбектің нәтижесі, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алмат Досмұхамедов.
Депутат Ирина Аронованың айтуынша, халықтың өмір сапасын арттыру – Президенттің алға қойған басты тапсырмасы. Жиында көтерілген барлық мәселе, депутаттық сауал жолданады. Кез келген мәселе дер уақытында шешімін табады.