Жамбыл өңірі – тарихи-мәдени құндылықтарға өте бай мекен. Бұған дейін көне жәдігерлер мен құрылыстардың маңызын ескерсек, оны аралаушылар есебінен ішкі туризмді дамытуға болатыны айтылып жүрген-ді. Осыған орай, және Жастар жылына байланысты облыс әкімдігі туризм басқармасының қолдауымен екі туристік автобус бағыты ашылды. Бұл – облыста бұрын соңды қолға алынбаған тың жоба.
Ал шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, Елбасы жариялаған Жастар жылының маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол аталған автобус бағыттары жастарға, оның ішінде студенттер мен оқушыларға 5 ай бойы тегін қызмет ететінін айтып, сәттілік тіледі. Бағыттармен ең әуелі Ұлы Отан соғысының ардагерлері және әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушылары, көпбалалы отбасынан шыққан және тұрмысы төмен отбасылардың балалары қамтылады. Бұл санатқа жататындар үшін республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру тегін. Ал енді Тараз қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына тарифке сәйкес республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру ақылы екенін ескерте кеткеніміз жөн. Әр аптаның демалыс күндері өңірдің брендіне айналған тарихи-мәдени нысандарды аралау екі бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт бойынша Көне Тараз – Қарахан кесенесі – Дәуітбек кесенесі – Ерте Ислам мешіті – Қали Жүніс моншасы – Төрткүл керуен сарайы – Қазақ хандығына – 550 жыл монументі – Айша бибі кесенесі – Бабаджа хатун – Көне Тараз музейі аралығын жүріп өту қамтылған. Екінші бағыт аясында Көне Тараз музейі – Тектұрмас кесенесі – Ақыртас сарай кешені – Көне Тараз бойынша саяхаттауға мүмкіншілік туып отыр. Өткен аптаның демалыс күндері алғашқы саяхат сапары басталып кетті. Мұндай қолайлы жағдайдың жасалғанына көпшілік дән риза. «Мен көпбалалы анамын. Перзенттеріміздің бірі – студент, кейінгілері мектеп, балабақша жасында. Сондықтан оның бәрін қыдырту отбасымыз үшін біраз қаражатты қажет ететін еді. Енді бүгін жасалып отырған мүмкіндік бойынша өңірдің тарихи-мәдени жерлерін тегін көлікпен аралап, тегін тамашалауға мүмкіндік алдық. Осы жағдайды жүзеге асырған басқармаға, жауапты кісілерге алғысымызды айтамыз», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айман Шыныбекова.
Тараз қаласы