Оның корольдік клубпен келісімшарты 2020 жылдың 30 маусымына дейін есептелген
Лондондық «Тоттенхэм» клубы мадридтік «Реалға» шабуылшы Гарет Бэйлдің трансфері бойынша өтініш жасауға ниетті.
Бұл туралы испаниялық сенімді дерек көздері хабарлаған. Ағылшындық клуб өздерінің бұрынғы ойыншысын қайтарып алу үшін «Реалға» 50-60 миллион еуро көлемінде төлеуге дайын. Бұл тұрғыда «Тоттенхэм» ресми сұраныс жасап та қойған.
Алайда лондондық клубтың шамасы Бэйлға тиісті жалақы төлеуге жете қоймауы мүмкін. Яғни, оның корольдік клубта алып жүрген ақшасының небәрі жартысын ғана ұсынады. Ал қазір футболшы «Реал» сапында жүріп бір маусымда 17 миллион еуроны қалтасына басады.
Әзірге «Реал» Бэйл трансфері бойынша қандай да бір нақты шешімін жария еткен жоқ. Футболшының өзі клубтан кеткісі келмейтінін әлденеше рет айтқан. Оның корольдік клубпен келісімшарты 2020 жылдың 30 маусымына дейін есептелген.
Бэйл осыған дейін 2007-2013 жылдары «Тоттенхэм» сапында ойнаған еді. 2013 жылы сол кездегі рекордты сома – 100 миллион еуроға «Реалға» ауысып келген. Алайда Мадридке келгелі бері Бэйл жиі жарақат алып, өз деңгейінде ойнай алған жоқ. Жалпы 231 матчқа қатысып, 102 гол соғыпты. Мадридтік клубпен бірге төрт рет Чемпиондар лигасын, үш рет клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Сондай-ақ бір-бір мәрте Испания кубогы мен Испания чемпионатын жеңіп алған.
Қазір мадридтік клуб маусым алдындағы дайындығын Канадада өткізіп жатыр. Оған Бэйл да қатысуда.
https://youtu.be/jQM_1MzZ_JQ