Букмекерлер әлі болмаған кездесуге ұтыстар қабылдауды бастап кеткен
Кәсіпқой бокс әлемінде бес салмақ категориясы бойынша чемпион атанып, бірде бір кездесуінде жеңіліс дәмін татпаған америкалық Флойд Мейвезер канадалық жас әнші Джастин Бибер мен әйгілі актер Том Крузды шаршы алаңға алып шығуға дайын.
«Егер мені промоутер ретінде шақырғысы келсе онда мен бұл туралы сөйлесе аламын. Бірақ оған дейін мен өз бизнесімдемін» депті Мейвезер.
Осыған дейін бұл жекпе-жекті ұйымдастыруға UFC президенті Дана Уайт, екі дивизион бойынша UFC-дің экс-чемпионы Конор МакГрегор да қызығушылық танытқан болатын. Еске салсақ, Мейвезер мен Бибер өзара дос. Бір кездері боксшының әншіні жаттықтырғаны да бар.
Алғаш рет Бибер Том Крузды ММА ережесімен төбелесуге шақырғанда оның бұл қылығын ешкім түсінбеді. Бірақ ақша жүрген жерді жатсынбайтын танымал промоутерлер мен ұйымдастырушылар мұндай мүмкіндікті мүлт жіберіп қалмауға тырысуда.
«Мен Том Крузды октагонға шақырғым келеді. Егер ұсынысты қабыл алмасаң, демек онда сен қорқасың деген сөз. Мұндай кездесуді жасауға кім дайын?» деп Бибер твиттерде жазған еді. Бұған қатысты Дана Уайт та, Том Круз да әлі кесімді сөзін айтпады.
Поп-индустрияда өз орнын ойып алып, әлемдегі ең танымал әншілердің көшін бастаған Бибер биыл шығармашылығында үзіліс жариялаған. Ол жекпе-жек спортымен ешқашан белсенді түрде айналыспаған. Бірақ үнемі жаттығу залына барып, спорттық бабынан ажырамауға тырысады. Ол Мейвезермен бірге жаттыққан. Екеуі бірге жоғары деңгейлі іс-шараларға да қатысқан. Алайда кейінгі уақытта олардың достықтарына сызат түскен деседі білетіндер.
Бибер жекпе-жекке шақырып отырған Том Круздың жасы 56-да. Бірақ жасына қарамастан спорттық бабынан еш таймаған. Қазірдің өзінде букмекерлер әлі болмаған кездесуге ұтыстар қабылдауды бастап кеткен. Олар Круздың жеңісіне 1,5, ал Биберге 2,5 коэффициент ұсынуда.
https://youtu.be/QnjC3EmUCa4