«Айдың-күннің аманында өз қаламызды бомбалап тастадыңдар!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев,
Арыстағы үш азаматтың қанын жүктеген жарылысқа жол берген Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне. Елдің қалқаны, қауіпсіздіктің алдаспаны болуға тиіс генералдар үшін бұдан асқан зілді сөз, ауыр айып болмаса керек. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Арыс жағдайы жеке сөз болды. Бұл ретте төрт аптадай уақыт ішінде, алдағы айдың бірінші онкүндігінде қоғам бұл қылмыс үшін нақты кімдердің жазаланатынын білетінге ұқсайды.
– Қазіргі кезде біз үшін Арыс қаласындағы күрделі жағдай ең өзекті мәселе саналады. Әскери қоймада болған жарылыс салдарын түпкілікті жою – шұғыл міндет. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қаражаттарды бөлді. Қосымша шаралар қажет болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Уақыт өте тығыз, қысқа мерзімде белгіленген жұмыстарды түпкілікті орындап шығуымыз керек! – деді Мемлекет басшысы.
Ол қарапайым азаматтар, қоғамдық ұйымдар, меморгандар, барлық өңір, отандық және бірқатар шетелдік инвесторлар зардап шеккендерге материалдық-моральдық қолдау көрсеткенін еске салды.
– Бұл – халқымыздың берекелі бірлігінің арқасы және біртұтастығымыздың көрінісі. Сол үшін баршаға ризашылығымды білдіремін! – деді Қ.Тоқаев.
Президент Үкімет басшысына және әкімдерге Арысты қалпына келтіру мәселесін қатаң бақылауда ұстауды жүктеді. Бүгінде Қорғаныс министрлігі әскери қойманы көшіруде. Ведомствоға бұл жұмысты ұзаққа созбай, қысқа мерзім ішінде аяқтау тапсырылды.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың мәліметінше, Арыс қаласындағы ескі арсеналды – оқ-дәрі мен қару-жарақты басқа жерге қайта орналастыру жұмыстары белгіленген мерзімнен бұрын басталған. Оның ішінде қарулар мен әскери техника алып кеткен. Қазір мина, снаряд, патрон сияқтыларын Арыстан «аластау» жүруде.
– Негізі, 5 шілдеде қару-жарақтың бәрі 100 пайызға қаладан шығарылды. Ал оқ-дәріні тасу жұмыстары басталып кетті. Алғашқы вагондар аттанды. Алайда оқ-дәрілерді шығару қарқынына бірнеше фактор ықпал етуде. Біріншіден, қауіпсіздікті сақтау үшін сақ қимылдау, оқ-дәрілердің, олар салынған жәшіктердің жай-күйіне толық тексеріс жүргізу, тиеу және жөнелту кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, оларды қабылдайтын Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жаңа орындарды дайындау керек, – деген қорғаныс ведомствосының басшысы арыстық арсенал қайта орналастырылатын ол орындар елдімекендерден қашықтықта екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, тасымал көлігіне қатысты да мәселелер туындауда. Кеңес тұсында Арыстағы әскери қоймаға дейін арнайы теміржол желісі тартылыпты. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында рельстер кесілген. Теміржол көлігі жүрген жол орнында қойма іргесіне дейін тұрғын үйлер мен басқа да нысандар бой көтерген.
– Қос әскери қойма арасында тартылған теміржол рельстері бірнеше жыл бұрын бөлшектеп алыныпты. Оның орнында мектеп, жеке үйлер пайда болған. Сондықтан енді оқ-дәріні алдымен автокөлікке тиеп, теміржолға дейін жеткізуге, ары қарай пойызбен көзделген өңірлерге тасымалдауға тура келуде, – деді Нұрлан Ермекбаев.
Тұтастай алғанда, осыған қатысты меморган егжей-тегжейлі және кешенді жоспар-кесте әзірлеген екен. Министрдің айтуынша, Арыс қаласы маңынан жалпы алғанда, 28 мың тонна оқ-дәрі сыртқа шығарылуға тиіс! Мұның қаншалықты алапат ауқым екенін түсіну үшін қарапайым мысалға жүгінсек, бұл 4 700 пілдің салмағына тең жүк.
Осынша мина-снарядты тасымалдау үшін 817 теміржол вагоны қажет болады.
Барлық түйткілді ескере келе, Қорғаныс министрлігі арыстық оқ-дәріні толық көшіруді тек 2020 жылдың мамырында ғана аяқтамақ. Жоспар-кестеде де осы мерзім бекітілген.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елдің «жүйелі олқылықтардың және қорғаныс ведомствосының бақылауды әлсіретіп алуының салдарларымен күресуге мәжбүр болып отырғанына» өкініш білдірді.
Осы себепті де Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің тізгінін қолына алғанына көп уақыт өтпегеніне (2018 жылғы 7 тамызда тағайындалған) қарамастан, жарылысқа жол бергені үшін Н.Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.
– Нұрлан Байұзақұлы, сіз әскери салаға жақында ғана келген тұлғасыз. Бірақ министр ретінде саладағы ахуал үшін толыққанды жауапкершілік арқалайсыз. Мен Жоғарғы бас қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігіндегі істің жай-күйіне қанағаттанбаушылық білдіремін! Басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені қайғылы оқиғаның салдары өте ауыр. Қарабайыр тілмен айтсақ, қаланың көп бөлігін бомбалап тастадыңыздар! – деді ел Президенті.
Ол оқиғаны зерттеу үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.
– Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесі кінәлінің бәрін қатаң жазалау жөнінде ұсыныс енгізуі қажет. Соның ішінде жазалауға қауіптілігі жоғары нысандардың дәл іргесінде құрылыс жүргізуге рұқсат берген, яғни жауапсыздық танытқан азаматтық мемлекеттік қызметшілер де ілігуге тиіс. Бұл жұмыстар шұғыл, 10 тамызға дейін жасалуы керек. Тиісті ұсыныстарды енгізіңіздер! Қайталаймын, кінәлінің барлығы қатаң жауапқа тартылып, жазалануға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне осыған ұқсас басқа да объектілерге егжей-тегжейлі талдау жасауды жүктеді. Талдау қорытындысы бойынша барлық ақпарат 20 тамызға дейін Президенттің қарауына берілмек.
– Бұл оқиға, сонымен бірге, мобилизациялық дайындықты ұйымдастырудағы жөнсіздіктерді, төтенше жағдайлар салдарларын жою шараларын жоспарлау және ұйымдастыру ісіндегі кемшіліктерді әшкереледі. Болған жайттан сабақ алу маңызды. Келешекте мұндай оқиғалар қайталанбауға тиіс! – деп нықтаған Қасым-Жомарт Кемелұлы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға жауаптылардың функционалдық дайындығын және қызметтің тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бұл бағыттағы ұсыныстарды Үкімет бір ай ішінде енгізуге міндетті.
Президент Арыстағы жарылыс ала келген кесір-кесапатты жою жұмыстары өзінің жеке бақылауында болатынын ескертті.
Әрине, әскери қоймалардағы жарылыс дүркін-дүркін дамыған елдердің өзін де дүрліктіріп тұрады. 2018 жылғы 1 ақпанда Австрияның солтүстігіндегі «Жоғарғы Австрия» (Oberösterreich) федералдық жерінде оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, екі адам ауыр жарақат алған.
Өткен жылғы 19 шілдеде АҚШ-та Леттеркенни әскери қоймасы жарылыстан күл-талқаны шықты. Оқиға нәтижесінде бірнеше адам жараланған.
3 қыркүйекте Оңтүстік Африка Республикасының «заңшығарушылық астанасы» (законодательная столица) саналатын Кейптаун қаласының жанында Denel қорғаныстық-өнеркәсіптік компаниясының қоймасында оқ-дәрілері жарылып, сегіз адам қаза тапты.
Былтыр 9 қазанда Украинаның Чернигов облысындағы әскери қойма жарылды. Шамамен 10 мың адам эвакуацияланған. 20 шақырым аумақта тіпті әуе кеңістігі де жабылды.
Алайда бір айырмашылығы сол, Арыста жарылыс алғаш рет болып отырған жоқ. Осыдан тура он жыл бұрын, 2009 жылғы наурызда Арыстан екі шақырым жерде, нақтылай кетсек, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімі жанында орналасқан ғылыми-өндірістік бірлестік қоймаларында кәдеге жаратуға арналған оқ-дәрілер жарылды. Соның кесірінен төрт адам мерт болып, 17 адам дене күйіктерімен ауруханаға түсті.
2014 жылы Арыста «Қазақжарылысөнеркәсіп» кәсiпорнында оқ-дәріні жою зауытында жарылыс салдарынан екі жұмысшысы – ер адам және әйел адам оқиға орнында опат болды, тағы бір еңбеккер жараланды.
2015 жылғы 8 қарашада Арыста «Қазтехнология» ЖШС-нің жару алаңындағы полигонда снаряд-миналарды кәдеге жарату үшін бөлшектеу барысында кезекті рет жарылыс орын алып, технолог маман қаза тапты.
Әскери сарапшы, Ауған соғысының ардагері Б.Смағұл оқиғалардың қайталана беруіне жауапсыздық және жазасыздық себеп болғанын айтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Арыстағы жарылысқа кінәлілердің барлығы қатаң жауапқа тартылып, жазалануға тиіс» деген тапсырмасын қолдаймын. Бұл – халық талабы. Әйтпесе, 2009 жылы да Үкіметтің арнайы комиссиясы жұмыс істеген, ол сол жылғы жарылысқа қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу себеп болғанын анықтады. Алайда биік лауазымдағы әскерилердің біреуі де жазаға тартылған жоқ. Бәрін жылы жауып қоя салды. Сол жарылыстың себептерін анықтаумен емес, тек салдарларын жоюмен айналысқанның кесірінен, жарылыстар 2014 және 2015 жылдары қайталанды. Депутаттар сонда жанартау сияқты ұдайы жарыла беретін бұл ошақты жою мәселесін көтерді. Алдыңғы жарылыстардан не Үкімет, не әскери ведомство сабақ алмағандықтан, дұрыс нәтиже болмағандықтан, биыл, 24 маусымда Арыстың қайтадан астаң-кестеңі шығып отыр, – деп қынжылады Бақытбек Смағұл.
Сарапшы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жіті тексеру жүргізіп, өз ісіне салғырттық танытқан немесе бас пайдасы үшін қасақана саботаж жасаған жауапты генералдар мен басқа да жоғары лауазым иелерін қатаң жазалау қажетін айтады.
Бақытбек Смағұлдың дерегінше, Арыстағыдай әскери қоймалар Сарыөзекте, Приозерск қаласында, Отарда, Қарағандыда, Аягөзде, сондай-ақ тағы басқа әскери гарнизондарда бар көрінеді.
Ал ресейлік әскери шолушы Павел Фельгенгауэр мұның бәрі қазақтарға Кеңес Одағынан қалған ауыр мұра екенін жеткізді. Бұл қоймалардағы ескі оқ-дәрілер сонау кеңес заманында өндірілген және сол бойы заманауи утилизацияға ұшырамаған күйде жатыр.
«КСРО бомба, снаряд, мина және басқасының орасан зор қорларын жасады. Одақ күйреген соң, Ресей Кавказда екі рет соғысты, кейін Сирияда, Донбаста соғыс жүргізіп, қорларын пайдаланды. Қазақстан бейбіт ел ретінде ешкіммен соғыспады. Сәйкесінше, миллиондаған тонна оқ-дәрі еш шығындалмай, жинақталып қала берді. Кеңес өкіметі, әсіресе, Қазақстанда алапат оқ-дәрі қорын қалыптастырды, өйткені Қытаймен соғысқа дайындалды, шың елінің ғаламат ауқымдағы қарулы күштеріне қарсы сұрапыл шайқас жүреді деп күтті. Одақ күйрегенде оқ-дәрілер үрей тудырар үйінді күйінде қалды, олар тіпті арнайы бункерлерде емес, нашар жабдықталған жерлерде жатыр. Бұл аса ауқымды проблеманы Қазақстанның жаңа билігіне шешуге, қыруар қаржы шығындауға тура келеді», – дейді ол.
Сарапшылардың байламынша, осынша мол оқ-дәріні утилизациялау – таудың тасын іріктеуден де қиын әрі ұзаққа созылатын шаруа. Әрбір оқ-дәрі түрін сұрыптау, сақтықпен көшіру талап етіледі. Оларды ары қарай да біраз жыл қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін заманауи қоймалар тұрғызу үшін инвестициялар қажет болады.
Демек, қазақ еліне қазір сабақ алу, сабыр сақтау, сақтық жасау керек болып тұр.