Коронавируспен сәтті күресіп келген Моңғолияда енді бубон обасының таралуына байланысты карантин енгізілуде. Елдің батысындағы Ховд аймағының екі сомонында белгісіз мерзімге карантин енгізілді. Бұл жақта суыр етін жеген моңғолдар жұқпалы кеселге тап болған. Жергілікті тұрғындардың бірі қайтыс болса, бір жас қыз ауыр жағдайда жатыр.
Бойжеткен 60 адаммен тікелей қатынаста болып, 400-дей адаммен жанама қатынаста болған болуы мүмкін, - деп хабарлады елдің Ұлттық зоонозды жұқпалы аурулар орталығы.2019 жылдың көктемінде Моңғолияда суыр етін шикідей жеген отбасылық жұп бубон обасынан қайтыс болған болатын. Бубон обасы – суыр сияқты жабайы кеміргіш жануарлардың бойындағы бүргеден жұғатын бактериялық ауру. ДДСҰ мәліметінше, тиісті ем шараларын қабылдамаса, адам аталған індеттен 24 сағат ішінде көз жұмады.