Бүгінде Арысты қалыпқа келтіру бағытындағы құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, қазіргі таңда қалада нақты 1091 үйдің жұмысы толық аяқталған. Сондай-ақ 4362 үйдің құрылысы және жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр.
Еске сала кетейік, Арыс қаласында 8409 жеке, 104 көпқабатты тұрғын үй бар. Жарылыс кезінде мүлдем жарамсыз күйге түскені – 186 жеке, 8 көпқабатты үй. Ал зақымданғаны – 7178 жеке, 95-сі көпқабатты үй. Жалпы 17 сектор бойынша республиканың барлық облыстарынан – 5685, аудандардан 300-ден астам жұмысшы еңбек етуде.
Бұдан өзге Арыс қаласындағы 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, бірнеше мемлекеттік мекемелердің ғимаратына зақым келген. Арыс қаласында 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қорына тапсырылған. Оның 54-і – білім нысандары, 8-і – денсаулық сақтау, 4-еуі – спорт нысандары. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 66 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, қаладағы 300-ге жуық кәсіпкерлік нысандар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен жөндеуден өткізілетін болады. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында жаңа аурухана және екі емхана бой көтереді.