Түркістан облысы Төле би ауданы, Қасқасу елдімекені, Еco Village Кaskasu демалыс аймағында «Қасқасу» тау-шаңғы курортын дамыту бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиевтің басшылығымен өткен дөңгелек үстелге мемлекеттік органдар, Dianeige France, STEM International France, MND Group France сияқты халықаралық компаниялардың сарапшылары, Ресей және Қазақстан халықаралық шаңғы федерациясының инспекторлары және қазақстандық компаниялар «Гео дата плюс» ЖШС және ASP Project company ЖШС қатысты. Жиынға қатысқан барлық компанияның тау-шаңғы курортын құру және дамыту бойынша үлкен тәжірибесі бар.
Іс-шараның басты мақсаты – жобаны халықаралық сарапшылармен алдын ала талқылау және ұсыныс-пікірлерін алу.
Жиында сөз алған Фрере Эдди MND Group France компаниясының директоры Фрере Эдди жобаның техникалық, экономикалық тұрғыдан тиімді жасалғанын және өңірдің дамуына зор үлес қосатынын айтса, Халықаралық шаңғы федерациясының инспекторы Андрей Обыскалов жоба әлеуетін ескере отырып, жүзеге асқанда құрылықтық және халықаралық шаңғы іс-шараларын өткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Жоба бұған дейін халықаралық деңгейде қызу талқыланған болатын. Бүгінгі таңда CG Group компаниясы қонақ үй кешендерін салуға ықылас білдіріп отыр. Жалпы курорт аумағы 2 негізгі аймаққа бөлінген:
– тау шаңғысы инфрақұрылымы бар жоғары базасы (шаңғы трассалары, арқан және дөңес жолдар, көтергіштер, сервистік ғимараттар) 1 910-ден 3 200 метрге дейінгі биіктікте;
– төменгі база (қонақ үйлер, мейрамханалар, аквапарк, ойын, спорт және жаттығу орталықтары) 1600-ден 1900 метрге дейін биіктікте.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі заманғы тау-шаңғы курортының құрылысы өңірдегі жаппай тау-шаңғы спортын дамытуға серпін береді, отандық туризм индустриясы қызметінің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде келушілер саны 110 мыңнан 140 мың адамға дейін артады деп күтілуде.
Бұдан басқа, Қазақстанда туризмді дамыту жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында «Қасқасу» тау-шаңғы курортының жобасы республикалық маңызы бар «Қазақстанның туристік картасы» ТОП – 50 нысанының тізіміне енді. Сондай-ақ Түркістан облысын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілді.
Тельман ӘБДІБЕКҰЛЫ,
Түркістан облысы