Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаттары Қанат Мусин, Шавхат Өтемісов келді. Мәжілісмендер Зашаған кентіндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысымен танысты.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының негізгі мақсаты – халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн арттыру.
«Жалпы, Орал – Саратов трассасы бойында бекітілген құжатқа сәйкес 9 үй салу жоспарға енді. Оның бүгінгі танда 7-еуі салынуда». Аталған үйлерден басқа осы жылдың төртінші тоқсанында Зашаған кентінде кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға арналған құрылыс нысаны пайдалануға берілетінін айтты облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.
Шағын ауданда тағы да 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына құжаттама жасақталып жатыр. Жалпы айтқанда, осы жылы 774 пәтер қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарта түсуіне игі ықпал ететіні анық.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қазіргі таңда елімізде мыңдаған пәтер салынып жатыр. Нәтижесінде, көптеген жерлестеріміз баспаналы болуда. Бәрімізге белгілі соңғы уақытта көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына баса назар аударылып келеді. Съезд барысында Елбасы Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасын кеңейтіп, оның аясында көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салуды тапсырды. Бұл шараға жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады, – деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.
Спикер сондай-ақ барлық қаражат көпбалалы отбасыларды тұрған үймен қамтамасыз етуге жұмсалатынын атап өтті. Оның сөзінше, биыл 80 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасымен баспаналы болмақ. Сөз соңында депутат Шавхат Әнесұлы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының алға қойып отырған басты мақсаты халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру екенін айта келе, келешекте баспана мәселесі толықтай өз шешімін табатынын жеткізді.