Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракция мүшесі Нұржан Әлтаев Continental Logistics Shymkent көлік-логистикалық орталығына барып, ондағы қызметкерлермен кездесу өткізіп, компанияның тыныс-тіршілігімен жете танысты.
2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылған А+ санатындағы Continental Logistics Shymkent кешенінің бүгінгі жұмысы қарқынды. Мұнда құрғақ және климаттық қоймалардан бөлек контейнерлік терминал, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдар бар. Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік магистраліне және әуежайға жақын орналасқан Continental Logitics Shymkent көлік-логистикалық орталығында тікелей теміржол желісі де қарастырылған. Мұндағы мамандар маркетинг пен менеджментті кеңінен қолдана отырып, кешеннің мүмкіндіктерін толық пайдалануға кіріскен.
Орталық жұмысымен танысқан депутат Нұржан Бауыржанұлы Шымкенттегі алып кешенге келудегі басты мақсатын айтты:
– Көлік-логистикалық орталығы – ауыл шаруашылығының көптеген мәселелерін шешетін маңызды жобаның бірі. Фермерлерге өнімдерін қалаларға шығару үшін логистикалық орталық, қоймалар қажет. Қазіргі таңда ауылшаруашылық өнімдерінің бағасының өсіп жатқаны осындай қоймалардың жоқтығынан болып отыр. Бұл үлкен жобаның осы аймақта іске асып жатқанына өте қуаныштымын. 93 гектар аумақта орналасқан нысан тауарды жинау және сақтауға бағытталған орталықтың негізгі артықшылығы – нысанның қолайлы жерде орналасуы. Осында сақталатын отандық өнімдер жергілікті сауда орталықтарына жеткізіледі. Таяуда тағы бір жоба логистикалық орталықтың жанынан агро-индустриалды орталық салынбақшы. Ол жерде фермерлердің келген тауарлары өңделіп, қоймаларда сақталады. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ары қарай да жұмысты атқара беретін боламыз, – деді ол.
Орталықта Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқан транзиттік жүктер сақталады және кедендік рәсімдеуден өтеді. Әрқайсысының аумағы 10 мың 300 шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді. Қоймалар халықаралық деңгейдегі «А» санатының талаптарына сай. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсарту үшін енді екі ел арасында логистикалық бірлескен кәсіпорын құру жоспарда бар.