Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропаның алты мемлекетіндегі, атап айтсақ, Болгария, Латвия, Португалия, Сербия, Словакия және Эстония елдеріндегі дипломатиялық миссияларға толыққанды Елшілік мәртебесін беру туралы Жарлықтарға қол қойды.
Еуропа елдеріндегі дипломатиялық миссияларын қайта құруға байланысты Қазақстан Президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов былай деп түсіндірме берді.
«Еуропалық одақ – Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі. Еліміздің сыртқы сауда айналымының және Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жартысы Еуропалық одақ мемлекеттеріне тиесілі. Осыған байланысты, Қазақстанның Болгария, Латвия, Португалия, Сербия, Словакия және Эстония елдеріндегі дипломатиялық миссияларға толыққанды Елшілік мәртебесін беру – Еуропа мемлекеттерімен өзара іс-қимылдарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам» деді ол.