Түркістан облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаев облыс орталығы мен Кентау қалаларынан соң Төлеби ауданына ат басын тіреді. Мәжіліс депутаты іссапар барысында алдымен Төлеби ауданындағы жеке кәсіпкер «Меруерт» жиһаз өндіретін кәсіпорын жұмысымен танысты.
Айта кетейік, «Меруерт» жиһаз өндіріс орны 2018 жылдың тамыз айында іске қосылған. Негізгі өндіретін өнімдері ақ қайың мен қара ағаштан үстел және орындықтар секілді жиһаз түрлерін жасап шығарады. Мәселен, ай сайын 200 орындықты тұтынушыға ұсынады. Кәсіпорында 25 адам жұмыс жасаса, олардың орташа жалақы көлемі 66 809 теңгені көрсетеді.
Кәсіпорын ұжымымен кездесуде аудан әкімі Бауыржан Омарбеков аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыра келе:
– IBM компаниясының бұрынғы президенті Томас Дж. Уотсон: «Егер сіз табысты адам болғыңыз келсе, жүрегіңіз – бизнесіңізде, ал бизнесіңіз жүрегіңізде болуы қажет» деген екен. Соның бір дәлелі ретінде ауданымыздағы кәсіпкерлік саласын дөңгелетіп келе жатқан «Ленгір машина жасау зауыты» ЖШС-ның «ЖК Меруерт» жиһаз шығаратын цехын айтсақ болады. Күн сайын дамып, тапсырыс көбейіп, жұмыспен қамтылғандардың саны артып келеді. Осындай кәсіпкерлеріміздің арқасында ауданымыздың ілгері жылжитыны айқын. Биыл ауданда кәсіпкерлік саласын біршама дамыту қолға алынуда. Қазір мемлекеттік бағдарламалар аясында халықтың өз кәсібін ашуы үшін қолдау көрсетудеміз, – деді аудан әкімі.
Кәсіпорынды аралаған Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнесті дамыту еліміздегі өркендеудің өте маңызды талаптарының бірі екенін айтты. Сол айтпақшы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту еліміздің экономикасын жандандыруға және халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын көтеруіне септігін тигізетінін жеткізді.
– Биыл мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөзінде кәсіпкерлікке тиімді қолдау көрсету мәселесін көтерген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен қолжетімді несиелеуге 600 миллиард теңге бөлінген. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын өндіруге таптырмас мүмкіндік деп атап өтті. Алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында көптеген бағдарламалар ұйымдастырылып, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар көптеп ашылатынына сенімдіміз» деген депутат «бәріңізге тәжірибе жинап, дамытып, өз кәсіптеріңізді ашуға кеңес беремін. Ауданды бірге көркейтейік. Кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз алға жетелейтініне мен сенімдімін, – деп кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі.
Түркістан облысы