Nur Otan партиясының XVIII съезінде айтылған ең басты мәселелердің бірі – әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсету. Оларды Үкімет ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Осы мақсатта қазынадан жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен соғыс ардагерлеріне және жалғызбасты адамдарға әртүрлі жәрдемақылар тағайындалады. Көпбалалы аналарға көмек қолын созу шаралары Наурызым ауданында нәтижелі жүзеге асып келеді.
Биыл облыстық бюджеттен барлық әлеуметтік әлсіз топтағы тұрғындарға 7,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол былтырғымен салыстырсақ, 1 млрд теңгеге немесе 15 процентке көп. Қомақты көлемдегі қаражат – қоғамның қолдауға мұқтаж мүшелеріне мемлекеттің көрсетіп отырған үлкен қамқорлығы. Мысалы, 5 бала тәрбиелеп отырған Сәуле Айтбаева әлеуметтік әлсіз топтағылардың әлеуетін арттыруға арналған бағдарламаның арқасында баспаналы болғанын және үкіметке шексіз риза екенін айтады.
– Осыдан 2 жыл бұрын Әулиекөлден көшіп келгенбіз. Көптен күткен, үміттенген баспанаға қол жеткіздік. Жергілікті кәсіпкерлерге алғыс білдіреміз, – дейді Сәуле Айтпаева.
Наурызым ауданы аумағында Nur Otan партиясының бастамасымен жүзеге асқан «Бақытты отбасы» жобасы сәтті жүзеге асуда. Осы орайда жергілікті кәсіпкерлер, нұротандықтар, 42 аз қамтылған және көпбалалы отбасыға 3 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп, коммуналдық қарызын жауып бергенін де айта кету керек.
– Ауылға көшіп келгеніме үш жыл болды. Біздің үйіміз ескі, қабырғалары жарылған болатын. Жергілікті әкімге, аудандық Nur Otan партиясы филиалының төрағасына көмекке жүгіндік. Алты балам бар. Қаржылай қолдау көрсетті, жаңа баспанаға қол жеткіздім, – дейді Мәдина Мырзалина.
Айта кету керек, Nur Otan партиясының съезінде қоғам үшін бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Соның ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы, партия Төрағасы әлеуметтік салаға айрықша назар аударды. Әсіресе, қолдауға зәру көпбалалы отбасылардың тұрмысын жақсартуға қатысты көптеген маңызды міндеттер тапсырылды. Бүгінде облыста бес мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ал Наурызым ауданында кемінде 4 бала өсіріп отырған 186 отбасы тұрады. Оларға жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп отыр.
Кәсіпкерлер тарапынан да көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмек түрі көп. Біреулер отын-суын түсіріп берсе, енді біреулер азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Олардың арасында жомарттық танытып, баспана алып беріп жатқандары да жоқ емес.