Бірінші кездесуде де «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жеткен
Еуропа лигасы іріктеу кезеңі аясында өз алаңында жауапты матч өткізген алматылық «Қайрат» жеңіліп жатып жеңіске жетті.
Екінші раундта алматылық клуб босниялық «Широки Бриегпен» кездескен болатын. Орталық стадионда өткен матч «Қайраттың» басымдығымен басталған. Алайда Шипилевский шәкірттері ұзақ уақыт бойы гол соға алмады. Бас шабуылшы Адеринсола Эсеола өз мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ. Мартон Эппель де гол соғатын сәтті уысынан шығарып алды. Ал 79 минутта Дериннің соққан голын төреші «ойыннан тыс қалды» деген ережемен есепке алмады.
Қызық болғанда 90 минутта «Қайрат» қорғаушысы Дино Миканович өз айып алаңында тәртіп бұзып, босниялық Дражен Багарич пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарған. Бірақ «Қайрат» бұдан кейін ғажайып камбэк жасап кетті. 21 жастағы жартылай қорғаушы Рамазан Оразов 92 минутта гол салып, есепті теңестірсе, 93 минутта Исламбек Қуат жеңіс голын соқты.
https://youtu.be/af_iyfObFSY
Бірінші кездесуде де «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Енді «Қайрат» келесі кезеңде израильдік «Хапоэль» командасымен ойнайды.Алғашқы матч сырт алаңда 25 шілдеде, ал жауапты кездесу 1 тамыз күні Алматыда өтеді.