Хавбек қазір «Реалда» аптасына 669 мың еуро жалақы алады
Мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Гарет Бэйл қытайлық «Бейцзин Гуоань» клубының назарына ілікті. Қытайлық клуб 30 жастағы футболшыны өз қатарына қосу үшін оған ең жоғары жалақы төлеуге дайын.
Хавбек қазір «Реалда» аптасына 669 мың еуро жалақы алады. Ал егер қытайлық клубқа ауысар болса онда қытай футболы тарихындағы ең көп жалақыға ие футболшы атанбақ. Қазіргі таңда Қытай Суперлигасындағы ең жоғарғы жалақыны «Хэбэй Чайна Форчун» шабуылшысы Эсекиел Лавееси (558 мың еуро) алып жүр.
Қытайдағы трансферлік терезе 31 шілдеде жабылады.
Осыған дейін «Реал» бас бапкері Зинедин Зиданның өзі «Бавариямен» болған ойыннан соң Бэйлдің командадан кететінін ашық айтқан болатын.
«Бэйл клубтан кетуге жақын, сол себепті алаңға шықпады. Ол жақында кетеді. Бұл барлығы үшін ең дұрыс шешім болмақ. Біз оның басқа клубқа ауысу трансферімен айналысып жатырмыз. Жеке басымның Бэйлға деген қарсылығы жоқ. Бірақ шешім қабылдау керек. Өзгеріс жасайтын уақыт келді» деген еді Зидан.