Ел намысын "Қайрат", "Ордабасы" және "Астана" қорғайды
УЕФА штаб пәтерінде Еуропа лигасы үшінші раундының жеребесі тартылып, қазақстандық клубтардың да қарсыластары анықталды.
Алматының «Қайраты» екінші раундта израилдік «Хапоэлмен» кездессе, «Ордабасы» чехиялық «Млада-Болеславпен» ойнайды. Екі ойын да 24 шілде және 1 тамыз күндері өтеді.
Ал «Қайрат» пен «Хапоэль» жұбының жеңімпазы швециялық «Норрчепингпен» немесе латвиялық «Лиеппаеймен» кездеседі. «Ордабасы» - «Млада-Болеслав» жұбының жеңімпазы армениялық «Алашкерт» немесе румыниялық «ФКСБ» ұжымымен жолығады.
«Қайрат» егер үшінші раундқа жолдама алған жағдайда алғашқы ойынын үйде өткізсе, «Ордабасы» сырт алаңнан бастайды. Кездесулер 8 және 15 тамызға жоспарланған. Осы кезеңнен кейін топтық кезеңге дейін тек бір раунд ғана қалады.
Чемпиондар лигасында сәтсіздікке ұрынған «Астана» да жорығын Еуропа лигасында жалғастырмақ. Елордалық команда андорралық «Санта-Коломамен» кездеседі. Бұл жұптың жеңімпазы Чемпиондар лигасының екінші раундында кездесетін «Ференцварош» - «Валетта» жұбының жеңілгенімен кездеседі.