Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов XXX Дүниежүзілік жазғы Универсиадада xалықаралық деңгейде ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтерген спортшыларға алғыс білдіру және қолдау көрсету мақсатында Универсиада ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесті. Кездесу барысында министр жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, спортшылардың ата-аналары мен бапкерлеріне алғыс хаттар табыс етті.
– Бүгін Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін көтеруге және қазақстандық спортты дамытуға жеке үлес қосқан талантты жас спортшылармен кездесіп отырмыз. Биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Қазақстанның көк туын жоғары көтерген қазақстандық жас спортшылардың жеңісі қазақстандық спорт пен қазақстандық жастардың дамуына жарқын серпін береді. Универсиадаға 115 жоғары оқу орындарының ішінен тек 62 университет қана қатысты. Менің ойымша, бұл өте аз. Осыған байланысты, мен ЖОО-ларды осы бағыттағы жұмысты күшейтуге және студенттерді спортпен айналысуға тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасауға шақырамын. Мен біздің студенттеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жеңімпаз атанғаны үшін тағы да шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Дүниежүзілік жазғы универсиада ойындары 3-14 шілде аралығында Италияның Неаполь қаласында өткізілген болатын. Оған әлемнің 118 елінен алты мыңға жуық студенттер қатысты. Біздің еліміздің абыройын 94 спортшы қорғап, Универсиада қорытындысы бойынша жеті жүлделі орынмен оралды. Жалпы командалық есепте Қазақстанның студенттік құрама командасы 25-орында, ел құрамасының қоржынында 7 медаль: алтын – 1, күміс – 5, қола – 1.