Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» жобасы аясында және Жастар жылына орай өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Оған белгілі кәсіпкерлер мен танымал спортшылар да ықпал етуде. Жүзу спортынан Рио-де - Жанейро Паралимпиада ойындарының және әлем чемпионы Зульфия Ғабидуллина облыс орталығындағы «Жансая» шағын ауданнан, көпқабатты тұрғын үйлердің алдынан әмбебап спорт алаңшасын ашты.
Алаңның көлемі 6х20 шаршы метрді құрайды. Спорт алаңшасы үшін 4 миллион теңге қаражат жұмсалған. Бұл игілікті іске Jas projekt жобасының облыстағы жетекшісі Мамыр Асатуллаев та қолдау көрсетіпті. Мұнда баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнауға, жеңіл атлетика түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Бір мезгілде 25 бала қалаған спорт түрімен айналыса алады. Аталған спорт алаңшасының ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөз сөйлеп, Елбасы мақаласының «Туған жер» жобасына үлес қосып отырған Зульфия Ғабидуллинаға зор алғысын білдірді. Сондай-ақ ол көпшілікті жаңа алаңшаның ашылуымен құттықтады. Мұнан соң облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков өзінің тарапынан сыйлықтар ұсынды. Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Ғабидуллина балаларға тарту жасағанына қуанышты екенін айтып, тұрғындардан спорт алаңшасын күтіп ұстауды өтінді. Келесі сәтте сөйлеген қала тұрғыны Гүлімхан Байтоқова мұндай алаңшаның балаларға көптен бері қажет болып жүргенін сөз етіп, балаларға жанашырлығы үшін чемпионға алғысын білдірді. Спорт алаңшасының ашылуына арналған лентаны қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, спортшы Зульфия Ғабидуллина қиды. Мұнан соң спорт алаңшасында балалардың алғашқы ойыны басталып та кетті.
– Бүгін біздің аулада өте игілікті шара жүзеге асып жатыр. Балаларға арналған спорт алаңшасы ашылғаны – үлкен қуаныш. Біз мұндай жанашырлықты ұзақ жылдан күтіп жүргенбіз. Міне, Елбасының «Туған жер» жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Осы жұмысқа үлес қосқан барлық азаматқа алғыс айтамыз, – дейді ауылдастарының атынан сөз алған «Жансая» шағынауданының тұрғыны Алдаберді Қандыбаев.
Тараз қаласы