Белгісіз біреулер Ақмола облысында киікті қорғаған екі инспекторға оқ атқан.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің мәліметінше, қазіргі кезде инспектордың бірінің жағдайы ауыр.
«23 шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде 10 өңірге – Қостанай облысына тиесілі ақ түсті «Нива» маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алды» деп жазды Сәкен Ділдахмет.
Жаралы инспекторлар Державинск қаласының аудандық ауруханасына жеткізілген. «Ақмола облысы Жарқайың ауданының полиция бөлімі күдіктілерді іздеп жатыр, оларды ұстау жоспары жарияланды. Қосымша ақпарат тағы хабарланады» дейді Сәкен Ділдахмет.
Бұған дейін дәл осындай жағдай Қарағанды облысы Нұра ауданында болған еді. Киік атқан браконьерлердің қолынан инспектор Ерлан Нұрғалиев көз жұмған еді.