Құмарлық, іңкәрлік және үмітшілдік – әр адамнан табылар асыл қасиеттер. Бірақ кейде осы ақ сезімдер лас, бұрмаланған сипат алып, баз бір бейшараны бәлеге бастайтыны да бар. Ондайда әлгі мұндар ақыл-есінен айырылып, есіл-дерті бәс тігу болады, тіпті қолда барын, бүкіл байлығын соған жұмсауы, ұлы мұраттарды ұмытып, қу дүниенің өткінші қызық-шыжығына әуестенуі мүмкін.
Қаптаған құмаройындар, покер, bitcoin, спорт оқиғалары, ат жарысы, ит таласы, әтештер төбелесі – құныққан жан ұтыстан дәмелендірер нәрсені өзі табады. Адамдардың, әлеуметтік топтар мен таптардың жиынтығы ретінде мемлекеттер де пендеге тән құмарлықтар жетегіне ереді. Айталық, «болашақ ұрпақ бір өтер не құнсызданып кетер» деп, халықаралық қаржы ұйымдарынан миллиардтап қарыз алады. Мемлекеттер де өз әл-ауқатын арттыру үшін бәс тігеді: акция, облигация секілді құнды қағаздарға қаржы салады. Олар өз байлығын доллар, еуро, фунт, швейцариялық франк, арнайы қарыз алу құқықтары (SDR) секілді әлемдік резервтік валюталарға айырбастайды. Сөйтіп, молырақ табыс табатынына сенеді, үміт артады.
Әрине, жақсы өмір сүруі, ең құрығанда өлместің күнін көруі үшін мемлекетке де негізгі табыс көздері қажет. Сондықтан олар да әлдебір салаларға маманданады. Бұл ретте Қазақстан ХХ ғасырдан бері шикізат өндіру ісіне әбден төселіп алды. Демек, соған бәс тіккен.
Ашығын айту керек, бұл «тәуелсіз мемлекеттер қоғамында» құнсызданып бара жатқан мамандық саналады. Оның иелеріне көш бастау емес, үсті-басы кір-кір, табаны тілім-тілім болып, даму көшінің соңында салпақтау қалады.
Нақты мысалға жүгінсек. Қазақстанның жаһандық «қара базарға» өткізетін басты тауарлары – мұнай мен металл. Соның ішінде «қара алтынның» әр бөшке-баррелінің құны 2008 жылғы 135 доллардан қазір екі есеге – 62 долларға дейін арзандап кетті. Сондай-ақ егер Қазақстан 2011 жылы мыстың әр тоннасын сатудан 10 мың доллардай кіріс көрсе, 2019 жылғы шілдеде Лондон металдар биржасында (The London Metal Exchange) оның бағасы екі есеге жуық, 5 927 долларға дейін құлдырап кетті. Bitcoin пен Ethereum желілерінде майнинг жасап, криптовалюта өндіргендердің өзі бұдан көбірек пайда тапқаны жасырын емес.
Әділін айту керек, мемлекетіміз шикізатқа тәуелділіктен құтылуға кейінгі он жыл бойы салмақты күш салып келеді. Экономиканың шикізаттық емес секторларын өркендету үшін Қазақстанда 2010 жылдан бастап жоғары өнімділікті және экспортқа бағдарланған өңдеуші өнеркәсіп құруды мақсат ететін жаңа индустриялық саясат кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бүкіл экономиканы әртараптандырудың қозғаушы күші мен ұстыны ретінде индустрияландыру саясатының басты мұраты – өңдеуші өнеркәсіптің дамуына және оның ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы үшін жағдай жасау болып отыр.
Нәтижесінде, индустрияландыру жылдарында өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін шығарудың озық қарқынына қол жеткізілді. Еңбек өнімділігі 1,5 есеге өсті. Инвестициялар мен мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінің ағыны 2 есеге ұлғайды.
Қазақстанда бұрын ешқашан болмаған 500-дей жаңа өнім түрінің өндірісі жолға қойылды, олардың арасында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк, жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратурасы, жарықдиодты шамдар, титан құймалары мен қаңылтақтар (слябы), дәрілік заттар, сүттің жаңа өнімдері және басқалар бар. Сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті «Қазақстанда жасалған» таңбалы тауарлардың саны артты: оның ішінде бу турбиналарын, мыстан жасалған бұйымдарды, радиаторларды, аккумуляторларды, сусын түрлерін, кондитерлік бұйымдарды атап өтуге болады.
Алайда әлемде басталған «жаһандық сауда соғыстары», ары қарай өршіген санкциялық қысымдар, нарықтардың протекционизм қалқанымен жабылуы, инвесторлардың дамыған елдерден жаппай кете бастауы Қазақстанның индустрияландыруда қол жеткізген жетістіктерін жоққа теңестіруі де ғажап емес. Ендеше, жаңа жағдайда сапалы индустриалдық секіріс жасап, ел мен экономиканы өрлеудің жаңа биігіне көтеру үшін ел Үкіметіне бұл салада жаңаша әрекет етіп, тың тәсілдерге жүгіну қажет болады.
Осы мақсатта Export for development Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Ағылшынша атауы мемлекеттік тілге «Дамуға арналған экспорт» деп аударылатын бұл бағдарламаның басты нысанасы – қосылған құны жоғары, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту арқылы өңдеуші өнеркәсіп салаларының және аралас қызметтердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жоспарланған өршіл нәтижелерге қол жеткізу үшін сайма-сай қаржыландыруға баса назар аудара отырып, оларды дамыту.
Алдағы бесжылдықта, яғни 2020-2025 жылдары жаңа индустриалдық бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 5 триллион 199,4 миллиард теңге жұмсалады деп күтілуде. Тарата айтсақ, 2020 жылы – оның 519,9 миллиарды, 2021 жылы – 779,9 миллиарды, 2022 жылы – 1 триллион 299,9 миллиарды, 2023 жылы – 1 триллион 299,9 миллиарды, 2024 жылы – 779,9 миллиарды, ал 2025 жылы 519,9 миллиарды арна тартпақ.
Жаңа мембағдарламаны іске асыруға жұмылдырылатын орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері белгіленген міндеттер үдесінен лайықты шыға білсе, 2025 жылы Қазақстан келесідей көрсеткіштерге қол жеткізбек. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 1,7 есеге нақты өсуі тиіс. Екіншіден, өңделген өнімдер экспортының көлемі 2016 жылғыдан 2,3 есеге артуы керек. Үшіншіден, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестициялар ауқымы 2016 жылғы мөлшерімен салыстырғанда 2 есеге ұлғаюы шарт. Төртіншіден, сол жылға қарағанда, экономикалық белсенді әрбір 1 000 адамға шаққандағы өңдеуші өнеркәсіптің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарының саны 1,6 есеге көбеюі қажет.
Бесіншіден, Гарвардтың «экономикалық күрделілік индексінде» республикамыз 55-орынға дейін көтерілуі тиіс. Бұл рейтингке (Тhe economic complexity index) әрбір ел жасайтын өнеркәсіптік тауарлардың әралуандығы мен күрделігі және олардың мемлекеттің әл-ауқаты мен даму әлеуетіне ықпалы көрініс табады.
Мұның адам өмірінде де үлгісі бар: бір қоғамда он саусағынан өнер тамған қолөнершілер де, сегіз қырлы, бір сырлы таланттар да, сонымен бірге, қолынан қара жұмыстан басқа ештеңе келмейтін тым қарапайым жандар да болады. Тиісінше, аталған рейтингтің басында тұрған мемлекеттер – өнерлі елдер де, ал тізім соңындағылар – мирасқа қалған шикізатты өндіріп, шикілей сатқанына мәз болған дарынсыз елдер.
Қазақ елі қайсысына жақын? Республика 2018 жылғы рейтингте 126 тәуелсіз мемлекет арасында 84-орынға жайғасқан. Биыл 80-орынға дейін көтеріледі деген үміт бар. Одан ары 77, 75, 70, 65, 60-шы сатыға жоғарылау жоспарлануда. Сөйтіп, 2025 жылы 55-орынға жету мақсаты қойылған.
The Economic Complexity Index баяндамасында айтылғандай, Қазақстан экспортының негізгі тауарлары – шикі мұнай, мыс, газ, ферроқорытпалар және химиялық заттар көрінеді. Көріп отырсыз, сонша күрделі де емес. Қазақстандық экспорттың негізгі бағыттары ретінде Қытай, Ресей, Франция, Нидерланды және Германия аталған.
Бұл рейтингте өрлеу үшін өңдеу өнеркәсібін өркендету шарт. World Bank Database дерегінше, әлемдік экономикада өңдеуші өнеркәсіптің жыл сайынғы өсімі 15,6%-ды құрайды. Бұл қазақстандық 11,8%-дық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Басқаша айтқанда, еліміздің деңгейі орташа жаһандық деңгейге де жетпейді.
Соның ішінде ЭЫДҰ-ға кіретін дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш орта есеппен 14,3%. Өйткені олар кемеліне келіп болған. Ал оларды қуып жетуге жанталасқан көптеген дамушы мемлекеттерде өңдеуші өнеркәсіптің жыл сайынғы өсімі 20-35%-ға жетеді. Мысалы, Қытайда – 29,3%, Малайзияда – 23,3%, Индонезияда – 20,2%. Посткеңестік кеңістік елдері арасында ең жоғарғы нәтиже Беларуське тиесілі – 22%. Қытай мен Кореяның «экономикалық ғажайыбы» – олардың ЖІӨ құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің жоғары үлесін сақтауға ықпал ететін индустриялық даму жолына көшуімен байланысты болды.
Елімізде 2010-2018 жылдар аралығында индустрияландырудың қос бағдарламасын іске асыру арқасында өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың оң серпініне қол жеткізілді. Өндіріс көлемі 2010 жылғы 2,9 триллион теңгеден 2018 жылы 10,4 триллионға дейін немесе 3,5 есеге ұлғайды. Осы кезеңде өңдеуші өнеркәсіптің нақты көлем индексінің орташа жылдық өсу қарқыны 3,9% болды және жиынтығында 42%-ға жетті.
Әйткенмен, өңдеу өнеркәсібінің салалық құрылымында 2018 жылы да металлургия басым: оның үлесі 44%-ды құрайды (2010 жылы – 41,5%). Тамақ өнімдерін өндіру үлесі керісінше, біршама – 18,1%-дан 14,9%-ға дейін төмендеген. Машина жасаудың (9,8%-дан 10,3%-ға дейін), химия өнеркәсібінің (2,7%-дан 3,7%-ға дейін) еншілері біраз артты. Қалған салалардың үлес салмағы сонша өзгере қойған жоқ.
Бүгінде шикізат бағасының кенеттен өзгеріске ұшырауына еш қыңбайтын әрі жаһандық сауда-саттыққа бағытталған, анағұрлым жоғары технологиялық күрделіліктегі өнімдер өндірісін ұйымдастыру арқылы өңдеуші өнеркәсіпті қарқынды дамыту мәселесі пісіп-жетілді.
Осыған орай, жаңа индустрияландыру бағдарламасында бірқатар өзгерістер көзделген. Атап айтқанда, экспорт – компанияның тиімділігі мен бәсекеге қабілетін анықтау және оны мемлекеттік ынталандыру ауқымын айқындау кезінде негізгі өлшемшартқа айналмақ. Өңдеуші секторды дамыту мақсатында мемлекет қарастырған негізгі құралдар немесе ынталандырулар «экспорттық тәртіппен» байланыстырылады: ол мемлекеттік ынталандырудың нақты әрі тікелей шараларына қол жеткізу үшін басты талап болады.
Отандық экспорттың адымын ресейлік тосқауылдар аштырмай тұр. Дүниежүзіндегі ең ұзын үздіксіз құрлықтық шекара Қазақстан мен Ресей арасында екені мәлім. Алып Қытай арқылы жаһандық нарыққа шығу қиын, ал Каспий транзиті шектеулі болғандықтан, біздің компанияларға шетелдік клиенттеріне өз өнімдерін амалсыз, солтүстік көршінің аумағымен жөнелтуге тура келеді. Алайда басқыншылығына қарай батыс елдерінің санкциялық қыспағына қалған Ресейдің қарсы әрекеттері «одақтастарына» да кесір болып тиюде. Мәселен, жақында «Атамекен» ҰКП қазақстандық тауарлар үшін Украинаның ірі нарығы жабылғанын айтып, дабыл көтерді. Ресей біздің еуропалық бағытты бетке алған экспортымызға да бөгетін жасап отыр.
Сондықтан жаңа бесжылдық мембағдарламада «Ресей заңнамасын оның ЕАЭО туралы шарт шеңберінде қабылдаған міндеттемелеріне сәйкес келтіру үшін келіссөздер жүргізу» көзделіп отыр. Мұндағы мақсат – одақтың техникалық регламенттері енгізілген өнімдерге қатысты ресейлік қосымша талаптарды алып тастау немесе ол талаптарды ЕАЭО қатысушыларына таратпау болмақ.
2025 жылға дейінгі индустрияландыру бағдарламасы жобасына сәйкес, ДСҰ мен ЕАЭО аясында жергілікті кәсіпкерлікті қолдау; транзитті арттыру және көлік-логистикалық инфрақұрылым тиімділігін қамтамасыз ету; Индустрия 4.0 технологияларын енгізу; жоғары білікті кадр даярлау және басқа да толып жатқан шаралар жоспарланған.
Бұл шаралардың тиімділігін, қаншалықты толымды жүзеге асарын алдағы уақыт көрсетеді. Бір анығы, мемлекет жалғыз өзі экономиканы көтере алмайды, бұл бизнесмендердің жұмылуы мен күш-жігер жұмсауын, қаржы-инвестиция салуын талап етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер де мемлекеттің бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай туғызуын және қамқорлық көрсетуін қажетсінеді.
Олай болса, табысты индустрияландыру дегеніміз осы бағыттағы Үкімет пен бизнес ортаның іс-қимылының үндестігі болса керек.