«Құтты мекен» партиялық жобасы аясында Nur Otan партиясының аудандық филиалының қызметкерлері мен мониторинг тобы мүшелері Қостанай облысы Денисов ауданына қарасты Антонов ауылындағы су құбырын салу жұмысымен танысты.
– Сумен қамту жүйесі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Алайда су тарту жұмыстары белгіленген мерзімінен бұрын өткізілуде. Антонов және Алчанов ауылдарында біздің серіктестік жұмыс істейді. Жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады деп жоспарланғанымен, биыл аяқтауды мақсат етіп отырмыз, – дейді «Инсект» ЖШС мердігері Үсербай Асанбаев.
Денисов ауданында арнайы бұрғылау техникасы әкелінген. Бұл жолдағы асфальтты бұзбай, құбыр тартуға мүмкіндік береді. Арнайы бұрғылаушы үш метр жер астында траншея арқылы құбыр жібереді. Сонымен қатар жеке үйлерге суды қосуға мүмкіндік береді.
– «Құтты мекен» партиялық жобасының мақсаты – инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның даму барысына партиялық бақылау жүргізу. Біз Антонов ауылына іссапар барысында құрылыс нысандарына бақылау жүргіздік. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына, құрылыс сапасына және мерзіміне мониторинг жасап, халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды, – дейді Nur Otan партиясы Денисов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Бектемісова.
Оның айтуынша, партиялық бақылау жүргізіп отыру арқылы салынатын жолдар мен құрылыстардың, тұрғын үйлердің сапалы болуын қамтамасыз ету көзделген. Сол арқылы коммуникация, өзге де әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға уақтылы қол жеткізу мүмкін болмақ.
Су құбырын жүргізіп жатқан серіктестік ұзақ жылдан бері бұл салада қызмет көрсетіп келеді. Бұған дейін олар Сарыкөл, Мендіқара, Алтынсарин аудандары мен Көкшетау облысын тіршілік көзі – сумен қамтамасыз еткен. Қостанай, Қарағанды, Көкшетау мен өзге қалалардан арнайы мамандар шақыртылған.