Қарағандыда облыстағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға төмендеген. Оған Nur Otan партиясының жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының қосқан үлесі зор.
Жастарды жұмысқа орналастыру «Жас Отанның» мүшелері мен Жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлім қызметкерлерінің белсенді үгіт-насихат жұмыстарының арқасында жүзеге асты. Облыстық әкімдікте өткен аппарат мәжілісінде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев жұмыспен қамту саласындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
– 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға төмен. Жұмыспен қамту орталықтары жастардың тезірек жұмысқа орналасуына көмектесіп жатыр. Осы жылдың басынан бастап орталыққа 1 190 адам келді. Олардың 267-сі жұмысқа орналасты, 565-і қысқамерзімді оқу курстарына жолдама алды, – дейді басқарма басшысы.
Ауылдағы жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін облыс әкімінің грантын алуға конкурс бар. Бұл үшін 2019 жылы 10 миллион теңге бөлінді. «Жас кәсіпкер» партиялық жобасы аясында кәсіппен айналысқысы келетін жастарға 550 грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасымен 29 жасқа дейінгі
315 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білімін жетілдіріп жатыр.
Облыста, сонымен қатар балалар үйінің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де оң шешімін тауып жатыр. Жыл басынан бері 45 жетім балаға жаңа пәтер кілті табысталды.
– Біз тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыруға ерекше назар аударамыз. Қазақстанның ипотекалық компаниясы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдерімен 100-ден астам кездесу ұйымдастырылып, «7–20–25» бағдарламасының механизмі түсіндірілді, – деді ол.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған кездесулерге барлығы 3 500-ге жуық адам келгенін айтқан Нұржан Жетпісбаев мемлекеттік тұрғын үй сатып алу бағдарламаларына қатысушы жастардың саны көп екенін жеткізді.