Алматы облысының полициясы есек ұрлауды үйреншікті әдетке айналдырған 30 жастағы азаматты ұстады. Шекаралы аймақта орналасқан Ұйғыр ауданының шеткерірек ауылдарының бірі Үлкен Диханда белгісіз жан бір түнде он есекті қолды қылған. Қайда салса да беті қайтпайтын, бейнетқор әрі көнбіс малдың иелері амалы қалмағандықтан, тәртіп сақшыларына шағымды қардай жаудырған.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіндегілердеің айтуынша, Ұйғыр аудандық полициясы ұйымдастырған жедел іздестіру шаралары нәтижесінде аудан орталығы Шонжы ауылының тұрғыны есек ұрлады деген күдікпен қолға түседі. Бұлтара алмаған ол ұрлаған есектерін Талғар ауданының Алматы қаласының маңына орналасқан ауылдарының бірінде арзымайтын бағаға сатып жібергенін жайып салады. Сатып алушы да анықталып, ұрланған есектер заңды иелеріне қайтарылыпты.
Қозғалған қылмыстық іс аудандық полиция өндірісінде. Тергеу барысында ұрының басқа да қылмыстарға қатысы бойынша тексеру жүргізілуде. Сонымен бірге, ұрланған малды сатып алушыға қатысты жауапкершілік мәселесі де қаралып жатыр.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы