Биылдан бастап болашақ дәрігерлер 6 жыл ғана оқитын болады. Осылайша, медицина мамандығын таңдаған болашақ мамандардың оқу мерзімі 7 жылдан 6 жылға қысқармақ.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осы мәселеге тоқталды.
Министр медицина мамандығында оқитындардың оқу мерзімін қысқарту арқылы оқу процесін біріздендіру жүйесі қолға алынатынын жеткізді яғни, артық теориялық пәндер алып тасталынады. «Осы арқылы заманауи технология көмегімен дәрігерлерді жылдам даярлайтын боламыз. Бұл әдіс халықаралық стандарттарға және Болон процесінің оқыту жүйесіне сәйкес келеді», – дейді ол.
Қазір әсіресе, ауылдарда осы салада маман тапшылығы сезілетіні белгілі. Министр биылғы түлектердің тең жартысы ауылдық жерлерге жіберілетінін айтты. Ауылдарға былтыр 700 түлек барса, биыл 2000 түлек барып, еңбек ететін болады. Денсаулық сақтау министрі бұл тұрғыда жас мамандардың жағдайын жасап, әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Енді медицина саласына білікті кадр даярлау мәселесі мықтап қолға алынбақ. Биылдан бастап медициналық жоғары оқу орындары түлектерінің білім деңгейін тексеру үшін тәуелсіз бағалау жүйесі енгізілді. 11 түлектің осы сынақтан өте алмай, дипломсыз қалғаны белгілі болып отыр. Енді олар бір жылдың ішінде емтихан тапсырып, диплом ала алады.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ