Алматы дәрі-дәрмек нарығындағы дүрбелең басылды

Алматы дәрі-дәрмек нарығындағы дүрбелең басылды

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев дәрі-дәрмектердің дәріханаларға жеткізілуі және оның қажетті қоры туралы мәлімдеді. Шаһар басшысы Facebook-тегі жеке парақшасында дәріханаларда орын алған дүрлікпеге қатысты жағдайға да түсініктеме берді. «Сұранысқа ие препараттарға деген қажеттілікті тұрақтандыру үшін 1 шілдеден бастап дәріханаларға 475 мың дана әлеуметтік маңызы бар препараттар, соның ішінде 260 мың «Парацетамол», 98 мың «Аспирин», 35 мың «Ингавирин», 22 мың «Азитромицин», 15 мың «Кардиомагнил» және басқа да дәрі-дәрмектер түсті. Сондай-ақ дәріханаларға 30 мың термометр қойылды», – деп жазды Б.Сағынтаев. Белгілі болғандай, қоймаларда әлеуметтік маңызы бар 645 мың дәрі-дәрмек, соның ішінде 301 мың «Аспирин», 84 мың «Кардиомагнил», 73 мың «Парацетамол», 42 мың «Ибупрофен», 26 мың «Амоксиклав және басқа да дәрі-дәрмектер бар.

«Күн сайын қаладағы 105 дәріханаға дәрі-дәрмектер жөнелтіледі. Бірақ олар тез сатылып кетуде. Десе де, іркіліс болмайды», – деп атап өтті Б.Сағынтаев.
Қала әкімінің берген мәліметіне сәйкес, шілде айының соңына дейін 1,2 млн «Аспирин», 930 мың «Парацетамол», 350 мың «Ибупрофен», 100 мың қаптама «Ингавирин», 80 мың «Азитромицин», 40 мың «Тамифлю» және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер жеткізіледі. «Қаланың дәрі-дәрмек нарығында дүрбелеңге жол жоқ. Жағдай бақылауда. Құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Алыпсатарлар жазаланады», – деп жазды Б.Сағынтаев.