Nur Otan партиясы «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде әрі тиімді шешу үшін қоғамдық қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасымен жұмыс істеу форматына көшкен еді. Кез келген азаматтың арыз-шағымы партиялықтардың назарынан тыс қалған емес.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінгендердің бірі Қостанай облысы Әулиекөл ауданының тұрғыны – Лидия Горошко. Ол елдімекенге қарасты аудандық филиалға өтінішпен келіпті. Кейуананың жасы – 82-де, ІІ топтағы мүгедек. Біраз жылдан бері арбаға таңылған. Шағымданушының сөзінше, арбасы сынғалы бері әжейдің жүріп-тұруы қиындап кеткен. Қабылдауды жүргізген Nur Otan партиясы Әулиекөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Есенғалиев партия көмекке зәру жандарға әрдайым қол ұшын созуға дайын екенін айтты.
– «Халыққа көмек» партиялық жобасының басты мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешу және әлеуметтік жоспардың өткір әлеуметтік проблемаларына көмек көрсету. «Халыққа көмек» партиялық жобасы арқылы қоғамдық қабылдау бөлмелері Елбасының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындау барысында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес қауымдастықтың қызметтерін үйлестіруші рөл атқарады, – деді ол.
Кездесуден соң кәсіпкерлер мен демеушілердің көмегімен Nur Otan партиясы Әулиекөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Есенғалиев Лидия әжейге қоларба сыйлады. Ол өз кезегінде Мемлекет басшысының «Халыққа көмек» жобасы арқылы халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыруды тапсырғанын еске салып, жоба аясында халықтың мәселелерін шешуде әлеуметтік желіні тиімді пайдалануға шақырды.
– Азаматтар көкейдегі сауалдарын, мәселен, еңбекақы, алименттің төленбеуін немесе тиісті көмек, анықтамалардың берілмей жатқанын әлеуметтік желідегі парақшаларында жазса, өтініштер негізінде заңға сәйкес әр мәселенің шешімін табуға тырысамыз. Бұл – әлеуметтік желі-лердегі белсенділіктің бір бағыты, – дей келе, интернеттің кеңейтілген мүмкіндіктерін белсенді іске қосу керегін алға тартты.