Adilet event group –Қызылорда қаласындағы ең ірі фотостудияның бірі. 2017 жылға дейін жай ғана Әділет студиясы болған орталық бүгінде тойға қажетті дүниенің барлығын қамтамасыз етеді. Студияда жиырма адамды, ал сән салонында отызға жуық бойжеткенді қызметпен қамтыған мекеме 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейді. Ең қызығы, осындай үлкен орталықтың директоры Әділет Байнашев ең алғаш кәсібін көлік жуушы болып бастапты.
Әділет Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Жаңақала ауылында дүниеге келген. Алайда отбасымен бірге 2005 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударады. Ауылдан қалаға келгенде Әділетті түрлі қиындықтар қарсы алады. Себебі өзінен бөлек анасы мен ағасы да жұмыссыз еді.
– Қалаға келген алғашқы кезеңде көлік жуатын орталықта жұмыс істедім. Сол уақытта қалада «Фудифильм» деген фотосалон ашылған. Бірде сол жақтың бастығы қармақшылық Руслан деген ағаммен таныстым. Өзі фотограф болып орталық алаңда суретке түсіреді екен. Аз-кем таныстықтан соң мені жұмысқа шақырып, бағыт-бағдар берді. Осылайша, қаладағы ең алғаш жұмысымды 2007 жылы жаңа жыл қарсаңында бастадым. Алаңға 16 желтоқсан күні шығып, демалыссыз бір ай жұмыс істедік. Күн суық, жаурап жүріп таңғы тоғыздан түнгі екіге дейін суретке түсіретінбіз. Ол кезде «Мейір фото» орталығына барып, суретті плёнкадан шығарып, алаңда тарататын едік, – дейді жас кәсіпкер.
Әділет сол кезде «Фудифильмде» түсірген әр суреті үшін жалпы табыстан 5 пайыз көлемінде үлес алып тұрады. Ол кезде қазіргідей емес, ақша құнды. Ал суреттердің бағасы 50-70 теңге тұратын. Табысы өз қажетіне жеткенмен, отбасылық бюджетке аздық қылғандықтан, Әділет 2009 жылдың қыс айында орталықтан бөлініп шығып, осы кәсіппен жеке айналысуға бел буады. Таныстардан қарыз алып, фотографқа керек заттарды сатып алады. Солай ала жаздай паркте, қыста орталық алаңда жүріп, жұртпен таласып, суретке түсіреді.
– 2010 жылдары қалада фотограф кортежге мүлдем шықпайтын. Тек асабалар камерасымен ғана барушы еді, ал арнайы фотограф болмайды. Содан қасыма Батыр деген інімді ертіп алып, мешіттің жанына жайғасатынбыз. Көп ұзамай мұнда жас жұбайлар кортежбен келеді. Сол кезде өзіміз түсірген суреттерден жинақталған альбомды көрсетеміз. Көп жағдайда суреттерді қалыңдыққа береміз, ол күйеу жігітті көндіреді. Өйткені ер адамға бәрібір ғой, суретті аса бір керексінбейді. Өзімізде несиеге алған машина бар еді. Кортеждегі басты көлік бағдаршамға тоқтаған кезде терезесінен альбомды лақтырып жібереміз. Сосын мешіттен күтіп аламыз. Жас жұбайлар келген кезде міндетті түрде келісіп, тапсырыс беріп кететін. Бұл да бір қызық кездер еді. Сонда бас-аяғы 10 000 теңге табамыз, кейде екеуміз екі тойға барып, 20 000 теңге тауып келетінбіз, – дейді кәсіпкер.
Әділет тойдан жиған табысына 2011 жылы кәсіби камера сатып алып, бір жыл өткен соң облысқа қарасты ауылдарды аралай бастайды. Барған жерінде мектеп директорымен келісіп, мектеп түлектерінің винеткаларын шығарады. Солай қыста винетка, жазда кортеждерді аңдып жүріп, жұмыс істейді.
– Біраз тәжірибе жинаған соң, студия ашуды ниет қылып жүрдім, сол арманыма 2013 жылы бір-ақ жеттім. Ең алғаш Қызылорда қонақ үйінің жанынан студия ашып, кейін Қызылорда медициналық колледжіне қарама-қарсы бетке орналастық. Ал жаңа орталық былтыр қолданысқа берілді. Ғимаратты да нөлден бастап өз қаражатыма салдырттым. Жаңаша бағытты байқап көрейік деп, ішіне тағы бірнеше кәсіп қостық. Мұнда қалыңдық көйлегін сататын орталық, сән салоны, той болатын жерді безендіру орталығы және фото-видео студиясы орналасқан. Қазір әкімшілікпен келісіп, түрлі жобалармен жұмыс істеудеміз. Тапсырыс қай жақтан түссе де қабыл алып, халыққа қызмет көрсетеміз. Бұдан бөлек, биыл Алматы қаласынан тағы бір орталық ашу жоспарда бар, – дейді Әділет.
Гүлдана ЖҰМАДИН,
Қызылорда облысы