Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің (7-0, 3 КО) 27 шілдеге жоспарланған мексикалық Оскар Кортеспен (27-4, 14 КО) жекпе-жегі өтпейтін болды.
Кездесу АҚШ-тың Арлингтон қаласында WBC және WBO тұжырымдары бойынша бірінші жартылай орта салмақта әлем чемпионы америкалық Хосе Карлос Рамирес және Морис Хукер арасындағы кездесудің андеркартында өтуі тиіс еді. Әйгілі Boxrec.com сайты Елеусінов пен Кортесті өз базасынан шығарып тастаған. Жекпе-жектің болмайтынын қазақстандық боксшының менеджері Зия Әлиев те растады.
– Иә, кездесу болмайды. Бірақ келесі жекпе-жек Лас-Вегаста өтуі мүмкін. Бұл туралы промоутерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. АҚШ-қа қарағанда кездесуді Лас-Вегаста өткізу тиімдірек. Мен ол шоудың бірқатар қыр-сырын біліп тұрмын. Ол кездесуде өңірлік белдік сарапқа салынады деп ойлаймын. Келісіп алғанға бізде біраз уақыт бар. Қазір осы шаруамен айналысып жатырмыз, – дейді менеджер.
Егер бұл кездесу күшін жоймағанда Данияр АҚШ-тағы бесінші жекпе-жегін өткізетін еді. Ол бұған дейін Ұлыбританияда екі рет, Монакода бір мәрте жұдырықтасқан. Соңғы кездесуінде 25 мамыр күні чилилік Луис Норамбуэнуді жеңген болатын.