Гранатадан зардап шеккен сарбаздың әпкесі інісінің денсаулығы туралы айтты

Гранатадан зардап шеккен сарбаздың әпкесі інісінің денсаулығы туралы айтты

Nur.kz тілшісі Маңғыстау облысының оқу-жаттығу полигонында гранатаның жарылуы салдарынан зардап шеккен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Сергей Кошелевтің әпкесімен сөйлесті. Сергейдің әпкесі Раушан бауырының халі туралы хабарлады, сондай-ақ әскери госпитальдің қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Оның айтуынша, бауыры ауырсынуды басатын дәрілер қабылдауға мәжбүр.

«Сергейдің жағдайы қалыпты, дәрігерлер жарықшақтарды қауіпсіз шығарып алу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға және оның көз жанарын сақтап қалуға уәде беруде. Бұл жерде бізге медициналық көмек көрсетілуде, жарақатымызды таңып, дәрілер тамызуда».

Ол медициналық қызметтердің көрсетілу сапасына дән риза. Сондай-ақ әскери госпитальдің бастығына алғысын білдірді.

«Әскери госпитальда бізді жақсы қарсы алды. Госпитальдің бастығына мың алғыс. Ол бізді бірден өзінің кабинетіне алып барып, барлығын түсіндіріп берді. Барлығы жүгіріп келіп, бізді қарсы алды. Бәріне көп рахмет. Әрбір маман өз ісін біледі, әрқайсысы келіп, әңгімелесіп, тексеріп кетіп отырды. Барлығы жоғары деңгейде», - дейді Раушан.

Сергейді тасымалдау үшін ұшақтың ұсынылмауы туралы БАҚ-қа жарыққа шыққан ақпарат дәйексіз екенін айтып өтті.

"Бұл жалған ақпарат. Біз ешкімге ешқандай ақпарат берген емеспіз және ол жерде туысқандары айтты деп көрсетілген. Ол ақпаратты қайдан алды? Бізге ешкім келген жоқ қой", - деп Раушан аң-таң болып отыр.

Бастапқыда тасымалдау санавиациямен дүйсенбі күнге жоспарланды. Бірақ, әскерилер жедел әрекет етіп, жексенбі күні әскери бортпен Нұр-Сұлтан қаласының госпиталіне әскери қызметшілерді жеткіздік. Қосымша тексеру мен дәрігерлердің консилиумын өткізгеннен кейін Сергей мен оның отбасы мүшелері әскери ұшақпен Алматыға жеткізілді.

Әскери ведомство баспасөз қызметінің бастығы Данияр Әлжанов өзінің Facebook парақшасында Маңғыстау облысында 99116 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері Сергей Кошелев пен Бейбарыс Жаманбаев оқу-жаттығу полигонындағы жарылыс салдарынан жарақат алғандары және Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша әскери бортпен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізу мәселесі қарастыралатынын айтқанын естеріңізге сала кетейік.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар тергеу жүргізуде. Оқиға орнында әскери құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс жасауда. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Алдын ала болжам бойынша әскери қызметші жарақатты қауіпсіздік шараларын бұзуы нәтижесінде алды.

Nur.kz